Қостанай қаласында 37 жастағы әйелдің өліміне байланысты қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ретінде оның бұрынғы күйеуі танылып отыр. Ол оқиға болғаннан кейін өз еркімен полицияға келіп, кінәсін мойындаған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қайғылы оқиға облыс орталығының ықшамаудандарының бірінде болған. Әлеуметтік желілерде тараған ақпаратқа сәйкес, ер адам мемлекеттік құрылымдардың бірінде қауіпсіздік саласында жұмыс істеген болуы мүмкін.
Қылмысты жасағаннан кейін ол өзі полиция бөліміне барып, болған жағдай туралы хабарлаған.
Қостанай облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалған.
"Алдын ала деректер бойынша, әйел тұрмыстық жанжал барысында алған оқ жарақатынан көз жұмған", – деп нақтылады ведомство өкілдері.
Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу-оперативтік шаралар жүргізіліп жатыр.