Қостанай облысында алимент төлеуден жалтарып жүрген ер азамат сот орындаушысына шабуыл жасаған, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Ж.Хамзина есімді жеке сот орындаушысы алимент өндіріп, әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін келгенде борышкер сол жақ бетін тіліп жіберген.
"Республикалық жеке сот орындаушылар палатасы мұндай әрекеттерді заңның өрескел бұзылуы және мемлекет берген өкілеттіктер шеңберінде әрекет ететін адамның өмірі мен денсаулығына қол сұғу ретінде қарастырамыз. Суық қарумен жасалған шабуыл – бұл белгілі бір сот орындаушысына қарсы қылмыс қана емес, сонымен бірге заңға, тәртіп пен әділеттілікке қарсы тұру", – деп мәлімдеді жеке сот орындаушылар палатасы.
Олар борышкердің қатаң жауапкершілікке тартып, әділ және ашық тергеу жүргізуді талап етіп отыр.
Палата өкілдерінің айтуынша, мемлекеттік сот орындаушылары қызметін орындау кезінде денсаулығына зиян келсе, әлеуметтік қолдау шарасы бар. Алайда, мұндай жүйе жеке сот орындаушылары үшін мүлдем қарастырылмаған.