Қостанайда банк қызметкерлері 87 жастағы кейуананы күлкі еткен

1055

Қостанайда банк қызметкерлері 87 жастағы кейуананы күлкі еткен

Қостанайда ірі банктің филиалының қызметкерлері соғыс ардагерінің 87 жастағы жесірі — тыл ардагерін жаза алмағаны үшін мазақ қылған. Бұл туралы "ВКонтакте" желісіндегі "Костанай. Отзывы о заведениях" парақшасында облыс орталығының тұрғыны Айгүл Қабықова айтып берді, — деп хабарлайды Qostanay.TV.

"Сәлеметсіздер ме, Халық банкіне шағымымды жариялаңыздаршы. Бұл бассыздық және сұмдық. Бүгін 87 жастағы әжеммен құжат алуға барғанбыз. Жаңа құжат банкте дайын болыпты. Бұл құжат зейнетақы алу үшін қажет. Әжем қол қоя алмағандықтан, менеджерлер бірден бөлім басшысына жіберді. Әжеме қол қойып беріңіз деді, 5-6 рет жазып көрді. Жасы жетіп, нашар көретініне, қол қоя алмағанына кінәлі емес қой. Қол қойып жатқан кезінде бөлім басшысы үстінен күліп тұрды… Біз оның кабинетінде отырғанбыз. Күйеуім оның аты-жөні көрсетілген тақтайшасын суретке түсіріп алды, сөйтсек бөлім басшысы күзетшіні шақыртып, дөрекі сөйлеп, суретті өшіруді талап етті. Әжем қол қоя алмаған соң бізді кабинеттен қуып шықты. Бірақ біз нотариусты күтіп отырғанбыз. Басшысының өзі нотариусты шақыртқан. Күзетші дереу бэйджін жасырып қойды. Әжем — СОҒЫС АРДАГЕРІ. Оның қан қысымы 180-ге дейін көтеріліп кетті. Жедел жәрдем шақырттық. Күзетші болса әжемізді мектепте дұрыс оқымаған деп айтты. Менеджерлер тағы да күлді…", — делінген шағымның мәтінінде.

Желі қолданушылары банк қызметкерлерінің бұл ісін сөкті. Кейін банктің бас кеңсесінің қызметкерлері де пікір жазды: "Сәлеметсіз бе! Қызмет көрсету кезінде туындаған жағдай үшін кешірім сұраймыз. Бұл шағымды өндіріске алдық. Біз міндетті түрде сараптама жүргіземіз!", — деп уәде етті қаржы мекемесіндегілер.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу