Қостанайда қолқаны қапқан түтінді экологтар анықтай алмай отыр

412

Бұл тұрғындар денсаулығына кері әсер етті. 

Қостанайда қолқаны қапқан түтінді экологтар анықтай алмай отыр Фото: freepik

Қостанайдың шет жағында орналасқан тұрғындар бірнеше күннен бері  ащы иісті, қою қара түтіннен тұншығып отыр. Кейбіреулердің денсаулығы нашарлаған. Тұрғындар қанша құзырлы мекемелерге хабарласқанмен нәтиже жоқ. Экологтар да мұның себебін білмейді. Тексеру жұмыстарын бастаған, деп хабарлайды inbusiness.kz

Қаланың шетіндегі жаңадан бой көтерген шағын аудан тұрғыны Виктория Заусалинаның соңғы күндері денсаулығы күрт нашарлаған. Көздері ашып, басы айналып, дәрі-дәрмектің күшімен жүр.

"Бүгін сағат түнгі 3-те ояндым. Өрттің иісі шықты. Үйдің ішінде бірдеме жанып жатқан сияқты. Иісі жағымсыз, әрі ащы, көзге қатты әсер етеді. Міне бірнеше күннен бері қаланы осы қою қара түтін басып тұр. Әсіресе түнде қатты білінеді. Ұйықтамақ түгілі, тыныс алуымыз қиындайды", - деді қала тұрғыны Виктория Заусалина.

Тұрғындар аспанды торлаған, иісі қолқаны қабатын түтіннің таралуын қала шетіндегі сойылған малдың сүйегін өртейтін кәсіпорыннан көрген.

"Бұл пеш экология департаментінің рұқсаты бойынша салынған. Газды тазалайтын қондырғысы бар. Жақында түтін сорғышы сынып қалды. Сондан бері сойған малдың сүйектерін жағуды уақытша тоқтаттық", - деді кәсіпорын директоры Қанат Аймекенов.

Экологтар да иісі ащы, түтінінің шығу себебін анықтай алмай отыр. Қаланың шетінде орналасқан сойған малдың қалдығын жағатын кәсіпорын мен қоқыс полигонын тексермекші.

"Тұрғындардан шағым 22 мамыр күні түсті. Екі кәсіпорынды тексеру басталды. Нәтижесі 10 жұмыс күнінен соң белгілі болады", - деді Облыстық экология департаменті басшысының орынбасары Қуаныш Елеусінов.

Қоқыс жинайтын полигонда да көк түтін. Пластик бөтелкелер мен полиэтиленді қаптардың өртенгендегі ащы иісі де қолқаны қабады. Үстін топырақпен жапса да бықсып жатыр, сөнбепті. Экологтар мұны көріп тұрса да, ресми тексеріс жүргізіп, сынамалар алмайынша тыйым сала алмаймыз деді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу