Қостанайда екі автокөлікті заңсыз иеленуге қатысты күдікті ретінде 3 тұрғын анықталды. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, күдіктілер алкогольдік масаң күйде алдын ала сөз байласып, ГАЗ-33023 автокөлігін заңсыз иеленген, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Кейін олар жол-көлік оқиғасына тап болған. Алайда бұл жағдайдан кейін де құқыққа қайшы әрекеттерін тоқтатпаған күдіктілер сол күні қаланың солтүстік бөлігіне барып, Audi автокөлігін де заңсыз иеленген болуы мүмкін.
Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері 3 күдіктінің барлығын анықтады.
Audi автокөлігін басқарған жүргізуші алкогольдік масаң күйде көлік жүргізгені үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Қазіргі уақытта көлік құралдарын заңсыз иелену фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп, оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.