2022 жылғы Қостанайдағы орман өртінен зардап шеккен аумақтың шамамен 38 пайызы тазартылған. Бұл туралы Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Оның айтуынша, бүгінгі таңда орман шаруашылықтарының материалдық-техникалық базасы жақсартылды. Өрт сөндіру көліктері, тракторлар мен автоцистерналар сатып алынған.
"Тағы бір айта кететін жайт, штат саны бір жарым есеге артты. Меніңше, салада 1,2 мың адам жұмыс істейді. Жалақы екі есе өсті. Мәселен, қазір орманшы 340 мың теңге, аға орманшы 450 мың теңге алады. Сонымен қатар біз жағдайды бақылау үшін дрондарды белсенді қолданып отырмыз", – деді Құмар Ақсақалов.
Аймақ басшысы бүгінгі таңда өрт саны азайғанын атап өтті.
"Қазіргі таңда аумақтың шамамен 38 пайызы толық тазартылды. Өртенген ағаштар аукцион арқылы сатылады. Тазалау жұмыстары аяқталғаннан кейін жерлерді қайта көгалдандыру жұмыстары жүргізіледі", – деді Қостанай облысының әкімі.
Айта кету керек, бұған дейін Арқалықтағы әуежай құрылысы 2026 жылы аяқталатынын жазғанбыз.