Қостанайда жалған құжатпен субсидия алғандар сотталды

142

Тергеуді Қостанай облысы бойынша Қаржылық мониторинг агенттігінің департаменті жүргізді. 

Қостанайда жалған құжатпен субсидия алғандар сотталды Фото: inbusiness.kz

Қостанай қаласында мемлекеттік субсидияларды жымқыру және қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру фактісі бойынша үкім шығарылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Еске сала кетейік, "Beef Export Group" ЖШС басшысы Пархоменко жетекшілік еткен қылмыстық топ Ауыл шаруашылығы басқармасының лауазымды тұлғаларының қатысуымен, сондай-ақ аудандық деңгейдегі ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері мен ветеринариялық мамандармен келісу арқылы субсидияларды заңсыз алу схемасын ұйымдастырған.

"Қаскөйлер ірі қара малды сатып алу және оны қайта өңдеу туралы құжаттарды жалған рәсімдеу арқылы агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға арналған мемлекеттік бағдарлама аясында жүйелі түрде субсидия алып отырған.

Түскен қаражаттар жалған жеткізілген мал үшін төленгендей көрсетіліп, ақпараттық жүйелерге енгізілгеннен кейін қолма-қол ақшаға айналдырылып, кейін жалған өнім үшін төлем ретінде бақылаудағы ұйымдардың шоттарына қайта аударылған.

Іске заңды түр беру мақсатында жалған бухгалтерлік құжаттар рәсімделіп, олардың негізінде субсидия алуға қайта өтінімдер беріліп отырған", – делінген ҚМА хабарламасында.

Салдарынан мемлекетке 3 млрд теңгеден астам залал келтірілді.

Тергеу барысында күдіктілер 107 млн теңгеден астам қаражатты ерікті түрде өтеді.

Айта кету керек, мұндай қылмыстар аграрлық секторды мемлекеттік қолдау жүйесіне деген сенімді әлсіретіп, адал кәсіпкерлердің ауыл шаруашылығын дамыту мүмкіндіктерін шектейді.

Сот үкімімен ұйымдастырушы Пархоменко А.Г. 14 жылға бас бостандығынан айырылды.

Қылмыстық топтың 14 қатысушысына 6 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Сонымен қатар, жалпы құны 3 млрд теңге болатын мүлік, оның ішінде 1,3 млн АҚШ доллары және 700 млн теңге тәркіленді.

Үкім заңды күшіне енген жоқ. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу