15 жастағы жасөспірім достарымен бірге қызық үшін Қостанай-Алматы бағытындағы пойыз жолына шықты, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Машинист апаттың алдын алу үшін қозғалысты дереу тежеген. Себебі бұл әрекет қозғалыс қауіпсіздігіне нақты қатер төндіріп, пойыз апатына әкелуі мүмкін еді.
Қостанай облыстық сотының хабарлауынша, жасөспірімнің анасы ата-аналық міндеттерін дұрыс орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылды.
Әйел 15 жасар ұлына тұрмыста және қоғамдық орындарда қауіпсіздік ережелерін үйретпеген, сондай-ақ моральдық және адами құндылықтарды қалыптастырмаған.
Сот шешімімен анасына 43 250 теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды. Ал осы қауіпті әрекетке қатысқан өзге балалардың ата-аналарына қандай шара қолданылғаны әзірге хабарланған жоқ.