ҚР СІМ-де Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы ынтымақтастық мәселесі талқыланды

947

Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді өңір елдері бойынша турне аясында Нұр-Сұлтанға сапармен келген Еуропа одағының Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Питер Бурианмен кездесті, деп хабарлайды inbusiness.kz порталы  ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.  

ҚР СІМ-де Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы ынтымақтастық мәселесі талқыланды

Сұхбат барысында Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы стратегиялық қатынастарды нығайту мәселелерін қоса алғанда, халықаралық және өңірлік күн тәртібінің кең ауқымды өзекті мәселелері бойынша жан-жақты пікір алмасылды.

Тараптар өңірдің тұрақты дамуына бағытталған жобалар мен бағдарламаларды іске асыруға назар аудара отырып, ЕО-ның Орталық Азия бойынша жаңа стратегиясы, сондай-ақ Қазақстанмен Кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісім (КӘЫК) шеңберіндегі ынтымақтастықты оның ішінде Еуроодақтың "Team Europe" бастамасын талқылады.

Келіссөздердің өзекті тақырыбы халықты коронавирус індетінен вакциналау мәселесі болды. Тараптар Қазақстан мен ЕО-ның "вакцинация паспорттарын" тану және пайдалану перспективаларын талқылады.

Атап айтқанда, П.Буриан өзінің "QazVac" вакцинасын жасау Қазақстанның ғылыми-зерттеу әлеуетін көрсететінін атап өтті.

М.Тілеуберді еуропалық дипломатты "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасы аясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған саяси реформалардың жүзеге асырылу барысымен таныстырды. Осы тұрғыда, ЕО өкілі Қазақстандағы саяси реформалардың үшінші пакетінің имплементациясын оң бағалады.

Сол күні П.Бурианның ҚР Президентінің Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкілі Ержан Қазыханмен кездесуі өтті. Оның барысында тараптар Қазақстан мен бүкіл Орталық Азияда инновациялар мен технологияларды жасауға, дамытуға және таратуға бағытталған жаңа бағдарламаларды іске асыру мәселелерін талқылады. Өз кезегінде Е.Қазыхан сұхбаттасушының назарын Қазақстандағы демократиялық өзгерістерге және КӘЫК ережелерін одан әрі имплементациялау қажеттігіне аударды.

Кездесу қорытындысы бойынша П.Бурианға Қазақстан мен ЕО арасындағы достық қарым-қатынастарды дамытуға күш салғаны үшін алғыс айтылды. Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес оған Еуроодақтың Қазақстанмен және Орталық Азиямен ынтымақтастық жөніндегі стратегиялық құжаттарын әзірлеуге және іске асыруға елеулі үлес қосқаны үшін II дәрежелі "Достық" ордені табыс етілді.

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу