ҚР СІМ Сирия бойынша ХХ отырысты Астана процесі аясындағы соңғы шара деп жариялауды ұсынды

502

Елордада Астана форматында Сирия бойынша ХХ халықаралық кездесу өтті.

ҚР СІМ Сирия бойынша ХХ отырысты Астана процесі аясындағы соңғы шара деп жариялауды ұсынды Фото: inbusiness.kz

Астана процесі аясында Сирия жөніндегі 20-шы халықаралық кездесу нәтижелі аяқталды. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Қанат Тумыш айтты, деп жазады inbusiness.kz 

Ведомство өкілінің сөзінше, Қазақстан өзінің мүмкіндіктеріне орай достас Сирия халқын және сирияішілік реттеу процесін қолдауға күш-жігерін салып келеді.

"2017 жылғы қаңтардан бастап бүгінгі күнге дейін кепілгер елдер - Иран, Ресей және Түркияның мәмілегерлігімен, сондай-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымының қолдауымен Сирия жөніндегі халықаралық кездесудің 20 раунды ұйымдастырылып, оның он сегізі Қазақстанда өткізілді. Қазақстанда өткізілудегі Сирия жөніндегі Астана форматы шеңберіндегі келіссөздердің деэскалация аймақтарын құру, жанжалдасушы тараптар арасындағы қантөгісті тоқтату және адам шығындарын азайту тәрізді бастапқы мақсаттары бүгінгі күні толықтай орындалды. Жалпы, Астана процесі алты жылдың ішінде Қазақстанның бітімгерлік бағытындағы әлеуетін көрсетті", - деді ол.

Қанат Тумыш Сирия халқы үшін қиын да тағдырлы кезеңде Астана процесінің барлық қатысушыларының елеулі үлесін ризашылықпен атап өтті.

"Біз барлық қатысушылардың жақсы ниеттері мен бітімгершілік күш-жігерлерін жұмылдыру арқылы осы асыл миссия мәлімделген жоғары мақсаттарға қол жеткізеді деп сенеміз. Бүгінгі таңда Сирия төңірегіндегі ахуал түбегейлі өзгеруде. Оның бір дәлелі болып араб мемлекеттерінің Дамаскпен дипломатиялық байланыстарын жандандыруға ұмтылысы, ал нақты көрінісі – Сирияның Араб мемлекеттері лигасына оралуы", - деді СІМ орынбасары. 

Оның айтуынша, 20-шы халықаралық кездесу аясында Сирия-Түркия қатынастарын қалыпқа келтіру бойынша "Жол картасы" жобасын дайындау барысын талқылау мақсатында Иран, Ресей, Сирия және Түркия сыртқы істер министрлері орынбасарларының консультациялары нәтижелі өтті.

Осыған байланысты Сирияның аймақтағы оқшаулануынан біртіндеп шығуын Астана процесінің өз міндетін аса абыроймен атқарып, тәмамдағандығының белгісі ретінде тұжырымдауға әбден болады, деп жалғастырды спикер.

"Бұл ретте аталған қол жеткізілген жетістіктерді, оның ішінде Сирияның араб отбасына қайта оралуын назарға алып, Сирия бойынша бүгінгі кезекті ХХ отырысты Астана процесі шеңберіндегі соңғы іс-шара деп ресми жариялаймыз", - деп мәлімдеді Қанат Тумыш.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу