Кредиттен құтылғысы келетіндер қашан өтініш бере алатыны белгілі болды

863

2023-ші жылы бірқатар азамат қарыздың қарғыбауынан босатылады. Қазір кредиттік бюроның "қара тізімінде" 1 млн 200 мың адам тұр. 

Кредиттен құтылғысы келетіндер қашан өтініш бере алатыны белгілі болды

Демек борышкерлер өзін банкрот деп жариялауға өтініш бере алады. Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов әзірге алашапқын болмауға шақырды. 

Елімізде 8 млн адамның берешегі бар. Қарыз 22 трлн теңгеден асады. Несиенің жартысынан көбі тұтынушылық мақсатта алынған. 25 пайызы  ипотека. 8 млн борышкердің  ішінде 1 млн 200 мыңы несиесін 90 күннен аса кешіктіріп, төлей алмай жүр. Олар бүгінде кредиттік бюроның "қара тізімінде" тұр. 

Қарыз алушылардың қатарын азайту керек деген Тоқаевтың тапсырмасы бар. Үкіметке жүктелген. Ойлана келе, "банкроттық туралы" заң жобасы қолға алынды. Бастапқыда бұл бастаманы Президент құптамады. Бірақ, кабмин артқа шегінбеді. Бастаған ісін соңына дейін жеткізіп, ақыры заң жобасын Парламент депутаттары бірауыздан қабылдады. Маңызды құжатта несиеден арылудың үш жолы көрсетілген. 

"Бірінші түрі ол соттан тыс процедура. Бұл процедураға 1600 айлық есептік көрсетішкен төмен қарызы болса, банктің алдында, коллектордың алдында микроқаржылық ұйым алдындағы борышкерлер жүгіне алады. және олардың үйі болмауы тиіс. 12 ай бойы төлемі толық болмаса, осы азаматтар қаралады", дейді ҚР Қаржы министрінің орынбасары Ержан Біржанов. 

Түсінгендеріңіздей Ведомство өкілінің мәліметінше, ішінде қарызын өтей алмаған адам қолдана алады. Шарты: борышкердің қарыз сомасы 5 млн теңгеге жетпейтін, табысы 36 мың теңгеден аспайтын, әрі жеке мүлігі жоқ болуы тиіс.    

Екінші рәсімге кімдер ілігеді.  5 млн теңгеден жоғары несие алған, тұрақты кірісі бар, бірақ қарызды өтеудің басқа жолын қарастырып жүргендер қолданады. Бұл енді сот арқылы жүреді. Сондықтан борышкердің кез-келген мүлкі  тәркіленіп,  түскен қаржымен азын-аулақ болса да қарызы өтеледі. 

"Егер жалғыз тұрғын үй кепіл зат нысаны болмаса, кредиторлар оны талап ете алмайды. Борышкердің теріс пиғыл белгілері болмаған жағдайда, қалған төленбеген қаржы есептен шығаруға жатады", деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Дания Еспаева.

Үшінші рәсімді кім қолданады. Бұл  төлем қабілетін реттеу талабы. Қарызыңызды 5 жылға бөліп төлеуге кесте аласыз. Борышкерге айыппұл салу және сыйақы есептеу автоматты түрде тоқтатылады. Заң жобасын түзгендер осы рәсімді таңдаған жөн дейді. Неге? Себебі сіз банкрот деп танылмайсыз. Ал мұның мүмкіндіктері мол. 

Егер бірінші және екінші рәсімді қолданып, сіз "банкрот" деген статус алсаңыз, онда 5 жыл көлемінде мүлдем несие алу құқығынан айырласыз. Әрі 3 жыл шетелге де шықпайсыз. Тағы 7 жыл өзіңізді екінші қайтара банкрот деп жариялауыңызға болмайды. 

Айтпақшы, бұл заң бойынша берешегі мүлде кешірілмейтіндері де бар. Бұлар алиментке қатысты қарызы жиналғандар және келтірілген шығынды өтеуге міндеттелгендер. Ал алиментін уақытылы төлеп жүргендер, басқа қарызы бойынша еш кедергісіз өтініш бере алады. 

Атаулы әлеуметтік көмек алып отырғандар да жүгінуге мүмкіндіктері бар. Өтініш электронды түрде қабылданады. Ал "қашан беруге болады" деген сұраққа жауапты ведомство басшылығы асықпауға шақырды.  

"Егер Президент қаңтардың 10-ы күні қол қойса, онда 60 күннен кейін өтініш беруге болады. Яғни 10-шы наурызда. Парламент заң жобасын қабылдап, қол қою үшін Президентке жолдады. Енді ресми мәліметті күтеміз. Тек содан кейін процес барысын толыққанды түсіндіреміз" деді вице-министр. 

Арай Сүгірбай 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу