"Қазақстан темір жолы" компаниясы 2026 жылдан бастап Астанадан Алматы, Семей, Шымкент және Атырау бағыттарына қатынайтын жаңа үлгідегі плацкарт вагонының суреттерін жариялады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Ұлттық компанияның еншілес ұйымы "Жолаушылар тасымалы" АҚ хабарлауынша, 58 жолаушыға арналған заманауи вагондар Қазақстанның климаттық ерекшеліктерін, ұзақ бағыттардың жүктемесін және халықаралық стандарттарды ескере отырып жасалған.

Кіреберіс бөлігінде жүк қоюға арналған сөрелер бар, ал жолсерікке бөлек демалыс аймағы, шағын асүй және басқару бөлімі қарастырылған.
"Жоғарғы орындарға шығуға арналған жаңа үлгідегі баспалдақ орнатылған. Үшінші деңгейде жолаушылардың заттарын салуға арналған кең багаж сөрелері орналастырылған. Әр орын жеке шаммен, 220V розеткасымен, USB және USB-C порттарымен жабдықталған. Төменгі орындардың астында екі багажды қойуға арналған арнайы орын бар. Ал орталық үстел 200 кг-ға дейінгі салмақты көтере алады", – делінген хабарламада.
Вагондарды "Штадлер Қазақстан" ЖШС шығарады. Бұл компания – теміржол көлігін өндіру бойынша әлемдік көшбасшылардың бірі саналатын Швейцарияның Stadler Rail халықаралық концернінің құрамына кіреді. Жыл соңына дейін отандық өндірістен шыққан алғашқы вагондар "Жолаушылар тасымалы" АҚ-ға тапсырылмақ.
Бұдан бөлек, Stadler компаниясы жылжымалы құрамға 20 жыл бойы сервистік қызмет көрсетеді. Жалпы келісім бойынша 2030 жылға дейін 557 вагон өндіріледі.