ҚТЖ HR директоры: ақшаға "жұмысқа орналастыратын" алаяқтар әлі де бар

857

Барлық бос жұмыс орындары туралы ақпарат елдегі үш танымал сайтқа жарияланып жатыр.

ҚТЖ HR директоры: ақшаға "жұмысқа орналастыратын" алаяқтар әлі де бар

"Antikor life" алаңында өткен тікелей эфирінде "ҚТЖ ҰК" АҚ Персоналды басқару жөніндегі директоры Тамила Микулич еліміздегі ең ірі темір жол компаниясына жұмысқа орналасу кезінде болуы мүмкін сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қалай жүріп жатқанын мәлім етті. Оның айтуынша, компаниядағы бос жұмыс орындары жайлы ақпаратты аз ғана адамның білуі парақорлыққа әкеп соққан.

"Қазақстан темір жолы" компаниясына әділ әрі ашық тұрде жұмысқа алу – сыбайлас жемқорлықпен күрестегі ең маңызды құрал. Бұрындары біздегі бос жұмыс орындары жайлы ақпаратты аз адам ғана білетін. Ол ақпаратты басқаларға айтқаны үшін ақшалай сыйлық күтетіндер болды. Сол себепті бүгінгі күні компаниядағы барлық бос жұмыс орындары туралы ақпарат елдегі үш танымал сайтқа жарияланып отырады. Олар – HeadHunter (hh.kz), rabotanur.kz және акционеріміз "Самұрық-Қазына" қорының qsamruk.kz/vacancy сервисі. Қазір сайтта тоғыз жүзден астам бос жұмыс орны бар", – деп атап айтты Тамила Микулич. 

Екінші үлкен мәселе, конкурс кезінде алдын ала келісілген үміткерлерді жұмысқа алу болған. HR директордың айтуынша, бұл мәселенің алдын алу үшін үміткерлерге КТЖ-ға тәуелді емес "Самұрық-Қазына" корпоративтік университеті мамандары телефон шалады.

"Бүгінгі таңда орталықтанған команда бар. Олардың кейбіреуі ҚТЖ орталық аппаратында жұмыс істейді. Орталық команда мүшелері үміткерлерді тексеріп, алғашқы скрининг жүргізеді, олармен хабарласады. Іріктеуден өткендер жергілікті жерлердегі басшыларға ұсынылады. Ал жергілікті жерлердегі басшылар комиссия ұйымдастырады. Ол комиссия құрамында біздің команданың өкілдері де болады. Осылайша, жұмысқа тек орталықтанған команда мүшелері тексерген үміткерлер ғана қабылданады" – деп түсіндірді ол.

Персоналды басқару жөніндегі директордың сөзінше, соңғы бір жарым жылда 7 мыңдай адам осындай жолмен жұмысқа орналасқан. Ал келешекте бұл жұмыс автоматтандырылмақ. Қазіргі кезде тестілеу платформасы да жаңартылу үстінде. 
Тамила Микулич атқарылып жатқан жұмыстарға қарамастан, кейде ақшаға жұмысқа орналастыру туралы деректер белгілі болып жататынын жасырмады.

"Бір-екі ай ішінде бір рет міндетті түрде ақшаға жұмысқа орналастыру туралы ақпарат аламыз. Ондай "жұмысқа орналастырушы" адамдардың кейбіреуінің ҚТЖ-ға мүлдем қатысы жоқ. Мұндай алаяқтар әлі де бар. Өйткені адамдардың барлығы сайт арқылы жұмысқа орналасуға болатынын біле бермейді. Сол себепті азаматтардың ашық әрі заңды түрде жұмысқа орналасу тетіктерін білгенін қалаймын. Егер таныстарыңыз ақша төлеп жұмысқа орналастыруды ұсынса, ол адам алдап тұрғанын түсіну керек. Ақшамен жұмысқа орналасу – алаяқтық. Жұмысқа орналастыруға сөз берген адам шешім қабылдауға әсер ете алмайды. Өйткені жұмысқа алу жөніндегі шешімді әр түрлі аймақта орналасқан, әр түрлі бөлімдерде жұмыс істейтін алтыдан астам жауапты қызметкер қабылдайды. Олардың барлығына ақша беріп, тілін табу мүмкін емес. Сондықтан "жұмысқа орналастыратын" алаяқтарға ақша бермеу керек. Олардың ешқандай кепілі жоқ. Ең дұрысы – сайт арқылы өтініш беру. Егер бірінші жолы жұмысқа алмаса, тағы өтініш беріңіз. ҚТЖ үлкен ұйым, бос жұмыс орындары еліміздің әр өңірінде жиі шығып тұрады", – дейді ұлттық компанияның HR директорды. 

Айта кетсек, ҚТЖ компаниясына жұмысқа орналасу кезінде парақорлыққа куә болғандар 8 800 080 30 30 нөмірі арқылы жедел желіге хабарласып, шағымын жеткізе алады. 

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу