Қуандық Бишімбаевты қорғаушысы жалпы тәртіптегі колонияға ауыстыруды сұрады

880

Төлеби аудандық сотының мәліметінше, қатаң тәртіптегі түрмеде жазасын өтеп жатқан Қуандық Бишімбаевтың қорғаушысынан талап-арыз түскен.

Қуандық Бишімбаевты қорғаушысы жалпы тәртіптегі колонияға ауыстыруды сұрады

Бүгін Түркістан облысы Төлеби аудандық сотында экс-министр Қуандық Бишімбаевқа қатысты сот отырысы басталды. Сотталған министрдің қорғаушысы оның жазасын өтеу тәртібін өзгертуді сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Төлеби аудандық сотының мәліметінше, қатаң тәртіптегі түрмеде жазасын өтеп жатқан Қуандық Бишімбаевтың қорғаушысынан талап-арыз түскен.

"Бүгін қылмыстық іс бойынша сот отырысы басталды. Қорғаушы сотталған азаматтың жазасын өтеу тәртібін жеңілдетуді сұраған. Бірақ бұл жерде мерзімінен бұрын шартты түрде босату жағы қарастырылмайды. Жазасын жалпы тәртіптегі колонияға ауыстыру немесе үкімді өзгеріссіз қалдыру жағын істі қарап жатқан судья шешеді. Қорғаушының өтініші бойынша істі қарау түстен кейін сағат 16:00-ге қалдырылды", - дейді Төлеби аудандық сотының өкілі.

Ал, істі қарау барысында Қуандық Бишімбаев бейне байланыс арқылы қатыстырылды. Әзірге сот қандай да бір нақты шешім қабылдаған жоқ.

Айта кетейік, осы жылдың наурыз айында бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев мүлкі тәркіленіп, 10 жылға сотталған еді. Сонымен бірге, ол өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылған болатын. Сотталушы қазір жазасын Түркістан облысына қарасты Төлеби ауданындағы қауіпсіздігі ең жоғары түзеу мекемесінде өтеуде.

Еске сала кетсек, 2017 жылдың 10 қаңтарында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы Ұлттық бюро бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың ұсталғанын хабарлаған болатын. Ұлттық бюродан мәлім еткендей, ол бірқатар адаммен алдын ала келісіп, ірі көлемде бірнеше мәрте пара алды деп айыпталған. Бишімбаев Қызылорда қаласында әйнек шығаратын және өңдейтін зауыт салу барысында "Orda Glass" ЖШС-ның ведомстволық бағыныстағы компаниясы мен оның мердігерлік ұйымы "Шымкентхиммонтаж" ЖШС арқылы 1 млрд теңге жымқыру қылмыстық схемасын ұйымдастырды деп айыпталған болатын.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу