Қуаңшылық: Үкімет басшысы облыс әкімдері мен министрлерге тапсырма берді

874

Премьер-министр Асқар Мамин жемшөп жұмыстарын жандандыруды тапсырды, деп хабарлайды inbusiness.kz порталы primeminister.kz-ке сілтеме жасап.

Қуаңшылық: Үкімет басшысы облыс әкімдері мен министрлерге тапсырма берді

Үкімет басшысы жемшөп дайындау мәселелеріне қатысты кеңес өткізді. Оған Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы Ербол Қарашөкеев, Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов, Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова, Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев, Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Исқалиев, энергетика вице-министрі Әсет Мағауов, экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серікқали Брекешев қатысты.

Ауыл шаруашылығы министрлігі жанынан құрылған республикалық жедел штаб өңірлерде жемшөп дайындау жоспары айқындалғанын атап өтті.

18 шілдедегі жағдай бойынша 10,6 млн тонна шөп немесе 44% шөп дайындалған. Қосымша 1,6 млн тонна пішендеме, 2,1 млн тонна сүрлем, 4,8 млн тонна сабан және 6 млн тонна құнарлы жем бар. 

255,8 мың га орман алқабынан шөп шабылады деп жоспарланып отыр. Ол үшін 6,5 мың шабындық бригадасы ұйымдастырылған, әкімдіктер 41,4 мың тонна жанар-жағармайды төмен бағамен қайта бөлген.

"Азық-түлік келісімшарт корпорациясы" ұлттық компаниясы 170 мың тонна көлемінде 4-5 санатты арпа мен бидай сатып алуды қаржыландырған, әрі қосымша 30 мың тонна арпа мен бидай сатып алу үшін компанияның ішкі резервінен қайта қаржы бөлетін болды.

"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құрғақшылық кезеңінде фермерлерді жемшөппен қамтамасыз ету жөнінде жедел шешімдер қабылдау және жүйелі жұмыс жүргізу бойынша міндет қойды", - деді Асқар Мамин.

Премьер-министр жемшөп дайындау жұмыстарын жандандыру, шабындық беру мәселелерінде өңіраралық өзара іс-қимылды нығайту, құрғақшылықтан зардап шеккен өңірлердің қажеттілігі үшін жемшөп қорын қалыптастыру керегін атап өтті.

Үкімет басшысы халыққа жемшөпті қолжетімді бағамен сату мәселесін ерекше бақылауға алуды тапсырды. Осы мақсатта ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілері, ұн тарту кәсіпорындары және құрама жем зауыттарымен меморандум жасау маңызды екенін айтты.

Отырыста Солтүстік өңірлердің әкімдіктеріне сабанды барынша көп жинау керегі айтылды. 

Премьер-министр 200 мың тонна көлемінде мал азығы дақылдарын форвардтық сатып алуға "Азық-түлік корпорациясы" ұлттық компаниясына Үкімет резервінен қаражат бөлу мәселесін қарауды тапсырды. 

Асқар Мамин Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда шөп шабу мүмкіндігін қамтамасыз ету, Энергетика министрлігіне Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, шөп шабу науқанына арзандатылған жанар-жағармайды қосымша бөлуді тапсырды. 

"Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясына Маңғыстау және Қызылорда облыстарына жемшөп тасымалдауға төмендетілген тарифті қамтамасыз ету тапсырылды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу