Куба халқы жарықсыз отыр

107

Аралда ұлттық ауқымдағы блэкаут тіркелді. 

Куба халқы жарықсыз отыр Фото: Reuters

Кубада электр энергиясы толық өшті. Бұл туралы дүйсенбі күні елдің UNE мемлекеттік электр желілерінің операторы хабарлады. Аралдағы 10 миллионға жуық тұрғын жарықсыз қалды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты DW агенттігіне сілтеме жасап. 

Компанияның әлеуметтік желіде жариялаған мәлімдемесіне сәйкес, электрмен жабдықтауды қалпына келтіру шаралары жүргізіліп жатыр.

Reuters агенттігінің жазуынша, бұл ауқымды блэкаутқа дейін Кубада электр қуаты бірнеше рет өшкен. Кейбір жағдайда тұрғындар бірнеше күн бойы жарықсыз отырған.

14-15 наурыз күндері елде наразылық акциялары өтіп, кей жерлерде жаппай тәртіпсіздіктерге ұласқан. 14 наурызға қараған түні наразылық білдірушілер тобы Морон қаласындағы коммунистік партияның штаб-пәтеріне шабуыл жасаған.

АҚШ-тың мұнайға қатысты шектеулеріне байланысты Кубада экономикалық әрі энергетикалық сипаттағы дағдарыс күшейе түсті. Елдегі электр энергиясының дені тозығы жеткен мұнай электр станцияларында өндіріледі. Бұған дейін Кубаға мұнайды негізінен Венесуэла жеткізіп отырған. Бірақ жыл басында Николас Мадуро биліктен кеткеннен кейін Каракас Кубаға мұнай жеткізуді тоқтатты.

Бұдан бөлек Вашингтон Кубаға мұнай сататын елдерге жоғары баж салығын салатынын ескерткен. Ақ үй басшысы Дональд Трамп Иранмен соғыстан кейін Куба нысанаға алынуы мүмкін екенін мәлімдеген.

Ақпан айының басында Куба президенті Мигель Диас-Канель  АҚШ-тың шектеулерін қатаң айыптады. Десек те, 13 наурыз күні ол энергетикалық дағдарыстың күшеюіне байланысты Вашингтонмен келіссөздер басталғанын ресми түрде растады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу