Сарапшылардың бағалауынша, елдегі бар мұнай қоры қазіргі тұтыну мен өндіріс деңгейінде әрі кеткенде 20 күнге ғана жетеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты
Ашығын айтайық, мұнай қорының күрт азаюына бірнеше фактор әсер еткен. Ең алдымен, Кубаның негізгі жеткізушілерінің бірі болған Венесуэладан мұнай тасымалы тоқтатылғаны белгілі. Сонымен қатар, 2026 жылдың басынан бері Кубаға тек бір ғана мұнай партиясы жеткізілген. Атап айтқанда, 9 қаңтарда Мексикадан 84 900 баррель мұнай келген. Бұл көлем тәулігіне шамамен 3 мың баррельге ғана тең, ал 2025 жылғы орташа импорт 37 мың баррель болған.
Financial Times дерегінше, жыл басында Кубаның қоймаларында шамамен 460 мың баррель мұнай қоры қалған. Қаңтардағы жеткізіліммен бірге бұл көлем елдің қазіргі қажеттілігін екі-үш аптаға ғана қамтамасыз етуі мүмкін.
Басылым АҚШ-тың санкциялық саясаты да жағдайды ушықтырғанын жазады. Осы себепті, бірқатар ел Кубаға мұнай жеткізуден бас тартқан немесе оны кейінге шегерген. Тіпті, Мексиканың өзі жоспарланған кейбір тасымалдарды тоқтатуға мәжбүр болған. Өйткені, Трамптың өзі Кубаға мұнай жеткізетін елдерге тариф енгізетінін ескерткен еді.
Мұнайға қатты тәуелді Куба үшін мұндай қысқа мерзімді қор энергетикалық және әлеуметтік салаларға тікелей соққы болады. Сарапшылар электр энергиясы өндірісінің төмендеуін, жарықтың жиі өшуін және жанар-жағармай бағасының қымбаттауын қазірден-ақ жоққа шығармай отыр.
– Егер мұнай жеткізілімі қайта жандана қоймаса, Куба ауыр дағдарыспен бетпе-бет келеді, – деп ескертеді Financial Times-қа пікір берген сарапшылардың бірі.
Техас университетінің мұнай саласы бойынша сарапшысы Джорже Пиньон да жағдайдың тым күрделі екенін айтады. Оның сөзінше, жеткізілім қайта қалпына келмесе, дағдарыс қаупі өрши береді.