Отбасылық жанжал кезінде күйеуін өлтіріп алған әйел қайғылы оқиғаға дейін полициядан көмек сұраған

1249

Екі баланың анасы ұзақ жылдар бойы зорлық-зомбылық жасап келген күйеуін өлтіріп қойып, уақытша ұстау изоляторында жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Отбасылық жанжал кезінде күйеуін өлтіріп алған әйел қайғылы оқиғаға дейін полициядан көмек сұраған Фото: canva.com

Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Ақтөбе облысы бойынша өкілінің хабарлауынша, күдікті өзін зорлық-зомбылықтан қорғауды сұрап полицияға жүгінгенін, бірақ тәртіп сақшылары ешқандай шара қолданбағанын айтты.

Күйеуінің кезекті агрессиясынан соң, тұрмыстық жанжалдың соңы кісі өлімімен аяқталған. 

"Енді әйелдің өтініші мынадай – қайғылы оқиғадан кейін оның екі кәмелетке толмаған баласы қайтыс болған күйеуінің туыстарының қамқорлығына берілген, ал олар жеткіншектердің туған анасымен не нағашыларымен сөйлесуіне тыйым салған", – дейді өкіл.

Сондықтан арызданушы балаларымен шексіз сөйлесу құқығын қалпына келтіруді сұраған.

"Мән-жайды зерделеген Уәкіл өкілі жергілікті әкімдіктегі қорғаншылық және қамқоршылық органдарына, сондай-ақ полиция департаментіне балалардың құқықтарына қатысты бұзушылықтарды жою және лауазымды тұлғалардың кінәсі туралы мәселені қарау туралы ұсыныспен жүгінді. Қазақстан Республикасының Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы Кодексінің 61-бабына сәйкес, баланың ата-анасымен, атасы мен әжесімен, аға-інілерімен, апа-сіңлілерімен және өзге де туыстарымен араласуына құқығы бар. Бүгінде балалардың анасының туыстарымен қарым-қатынасы толығымен қалпына келтірілді", – дейді өкіл. 

Бұл ретте полиция департаментінің мәліметінше, департаменттің Ішкі қауіпсіздік басқармасы тексеріс жүргізіп, қызметтік міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін бір полиция қызметкері құқық қорғау органдарынан шығарылса, тағы екі қызметкер қызметінен босатылды.

Кәмелетке толмаған балалардың және олардың анасының алдағы тағдыры Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өкілінің назарында болатыны айтылды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу