Күллі әлем жұртшылығы аласапыран кезеңде өмір сүріп жатыр десек, артық болмас – Президент

179

Мемлекет басшысы бүкіл қоғам тату болуы керек екенін айтты.

Күллі әлем жұртшылығы аласапыран кезеңде өмір сүріп жатыр десек, артық болмас – Президент Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері" атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Бүгін мен Мемлекет басшысы ретінде Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауымды жариялаймын. Бұл Жолдаудың мәні де, мазмұны да айрықша. 25 қазанда ұлттық мерекеміз – Республика күнін атап өттік. Осы күні Егемендік туралы декларация қабылданды. Біз дербес ел болу жолында батыл қадам жасадық. Көп ұзамай Тәуелсіздік туын биікке көтеріп, елдігіміздің іргесін бекіттік. Міне, биыл қасиетті Тәуелсіздігімізге 35 жыл толып жатыр. Бұл тарихи меженің ұлт шежіресінде алатын орны бөлек. 

Биыл наурыз айында халқымыз мемлекеттігіміздің негізгі тірегін – Конституциямызды қабылдады. Бұл тұтас еліміз үшін тарихи мән-мағынасы терең оқиға болды. Конституцияны бірнеше ұрпақтар арасындағы қастерлі келісім деп атауға болады. Өйткені Конституцияда Қазақстанның қазіргі бітім-болмысы мен болашақтағы бейнесі нақты айқындалды", – деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, азаматтарымыз жаппай қолдаған Конституция 1 шілдеде заңды күшіне еніп, еліміздің саяси жүйесінің түбегейлі жаңғыруына, жаңа билік институттарының құрылуына үлкен серпіліс берді.

"Жұртымыз жарқын болашаққа бастайтын ауқымды жұмысты атқаруға белсенді түрде кірісті. Ел өміріндегі тарихи өзгерістердің барлығы халықтың көз алдында болып жатыр. Бұл мәселе аса маңызды болса да, көп сөз айтудың қажеті жоқ деп ойлаймын", – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент бүгін еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту жөніндегі ойларымен бөлісетінін, алдағы мақсат-міндеттерге тоқталатынын айтты.

"Ашығын айтсақ, бүгінде тәуелсіздігіміз бен егемендігімізді қорғауға қатысты барлық мәселе әлі толықтай шешімін тапқан жоқ. Бұл – алдымызда көптеген өзекті міндет тұр деген сөз. Жұмысты ойдағыдай орындау үшін, ең алдымен, бүкіл қоғамымыз тату болуы керек. Бірлік пен келісім болмаса, ешқандай реформа және ілгерілеу болмайтыны айдан анық. Қазір жаһандық сын-қатерлер әлдеқайда қауіпті сипат алған кезде қоғамымызда талап пен тәртіпке басымдық беруіміз қажет.
 
Қазіргі таңда әлем елдері арасында ақылға қонымсыз жалған айыптаулар, астыртын текетірестер күшейді, ал алпауыт, ықпалды мемлекеттердің арасында жаппай өзара сенім дағдарысы пайда болды. Бақылаусыз, жүйесіз көші-қон ағындары әлдеқайда көбейді, бұл бірнеше еуропалық елдің қауіпсіздігіне үлкен зиян келтіргеніне көзіміз жетті.

Біріккен Ұлттар Ұйымының абырой-беделі үлкен тоқырауға ұшырады. Халықаралық құқықтың құндылығы төмендеп кетті. Қысқасы, қазіргі әлем бұлыңғыр дәуірге аяқ басты, оның келешегі қандай болатыны туралы саясаткерлер мен сарапшылар арасында біртұтас пікір жоқ. Күллі әлем жұртшылығы аласапыран кезеңде өмір сүріп жатыр десек, артық болмас. Мұндай күрделі, болжамсыз ахуал "қырғи-қабақ соғыс" кезінде де болмаған еді", – деді Мемлекет басшысы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу