Олар әлеуметтік бастамаларды қолдап, қоғамда игі істердің басы-қасында жүр. Бүгін елордадағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының үздік волонтерлері марапатталып, еңбегі еленді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Орталықта жыл бойы атқарылған жұмыстардың қорытындысы бойынша "күміс волонтерлерге" алғыс хаттар мен сертификаттар табысталды.

Еріктілер мәдени-рухани және спорттық, сауықтыру, қайырымдылық, экологиялық және т.б. номинацияларда марапатқа ие болды.

Солардың бірі – қайырымдылық және инклюзивті бағытта белсенді атсалысып жүрген волонтер, 64 жастағы Үміт Сүлейменова. Ол Азия ойындарында ерікті болып жұмыс істеп, "Таза Қазақстан" экологиялық акциясына өз үлесін қосқан.
"Астанаға Абай облысынан көшіп келгеніме үшінші жыл болды. Өзім 40 жыл бойы математика пәнінің мұғалімі болып жұмыс істедім. Қазір зейнеттемін. Мен Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында хорға қатысамын. Хор ұжымымен "Жансая" әлеуметтік оңалту орталығына барып, кішкентай балаларға концерт береміз. Скандинавиялық жүріспен де айналыстым. Кейін "күміс еріктілер" тобына қосылдым", – деді ол.

Астана қаласы әкімдігінің "Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының" Сарайшық ауданы бойынша әлеуметтік қызмет көрсету бөлімінің басшысы Ақсұлу Шайдуллақызының сөзінше, орталықта түрлі бағыттағы үйірмелер жұмыс істеп тұр.
"Орталықта әртүрлі бағыттағы үйірмелер бар. Мәселен, оңалту гимнастикасы, пилатес, йога, би, тренажерлық зал және т.б. "Күміс еріктілер" орталықтың жұмысына белсенді атсалысады. Зейнеткерлер орталыққа келу арқылы орта тауып, белсенді өмір салтын ұстанады", – деді Ақсұлу Шайдуллақызы.
фото: Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы
73 жастағы қала тұрғыны Жанат Ералин орталықта зейнеткерлерге домбыра үйретеді. Оның музыкалық білімі бар. Жас кезінде домбыра сыныбын бітірген.
"Орталыққа келушілерге домбыра үйретемін. Бүгінде 20 шақты адам ұлттық аспапта ойнауды үйренді. Бір ансамбль құрып, орталықтағы іс-шараларға қатысып, концерттер береміз. Сабақ аптасына екі рет өтеді. Кез келген зейнеткер тегін қатыса алады. Өмірінде домбыра ұстап көрмеген адамның өзіне үйретіп жатырмыз. Арасында халық күйлерін орындап жүргендер де бар", – деді қала тұрғыны.

Айтуынша, орталық зейнеткерлердің өмірге деген талпынысын күшейтеді.
"Қазіргі тілмен айтқанда, мотивация алады. Олар қоғамға керек екенін, өзінің дамуына жол бар екенін түсінеді. Белсенді өмір сүрген дұрыс қой", – деп атап өтті зейнеткер.
фото: Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы
Ал 70 жастағы Сәуле Әбжанқызы орталыққа таяуда ғана келген. Зейнеткер қолөнер үйірмесіне қатысады.
"Аз уақыттың ішінде екі сөмке, бір кенеп мата тоқыдым. Қолөнердің қыр-сырын меңгеру үстіндемін. Тоқыған заттарымды немерелеріме сыйладым. Топта отырған адамдар жалғыз қолөнерге қатыспайды. Олар арасында гимнастикаға, биге, тренажерлық залға, тоғызқұмалаққа барады", – деді ол.




