Бұл – соңғы бес ай ішіндегі осындай қуатты алғашқы құбылыс. Бұған дейін X1.9 класты жарқыл 2025 жылдың 19 маусымында байқалған болатын.
Сондай-ақ, 5 қараша түнінде X және M класты екі күн жарқылы болған. Олардың ұзақтығы тиісінше 33 және 73 минутқа созылды.
Ресей Ғылым академиясының Ғарыштық зерттеулер институты хабарлауынша, X класты жарқыл Күн дискісінің шетінен тыс, оңтүстік жарты шардың төменгі бөлігінде орналасқан, әзірге анықталмаған белсенді аймақта болған.
– Бұл жағдайда Күннің арғы бетіндегі құбылыс Жерге әсер ете алмайды, сондықтан оны салыстырмалы түрде тыныш жағдайда бақылауға болады, – делінген институт мәлімдемесінде.
Айта кетсек, Күн жарқылдары рентген сәулеленуінің қарқындылығына қарай бес класқа бөлінеді: A, B, C, M және X. Ең төменгі A0.0 класы Жер орбитасындағы шаршы метрге шамамен 10 нановатт рентген сәулелену қарқындылығына сәйкес келеді. Әрбір келесі әріп алдыңғысынан он есе қуаттырақ дегенді білдіреді.
Күн жарқылдары кезінде плазма ағындары да бөлініп шығады. Егер олардың бұлттары Жерге жетсе, магниттік дауылдар туындауы мүмкін.