Еуропалық Одақта күн энергиясы алғаш рет негізгі электр қуаты көзіне айналды. Бұл туралы Ember талдау орталығы хабарлады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Статистикаға сәйкес, маусымда ЕО-да өндірілген электр энергиясының 22,1%-ы күн энергетикасының үлесіне тиесілі. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 18,9% жоғары. Мұндай өсімге күн панельдерін орнату себеп болған. Маусымда күн көзінен 45,4 тераватт-сағат электр қуаты өндірілген.
Атом электр станцияларының үлесі – 21,8%, ал жел энергетикасы 15,8% болған. ЕО елдеріндегі көмірден өндірілген электр энергиясының үлесі төмендеп келеді.
Ember талдау орталығының мәліметінше, маусым айында Еуроодаққа мүше 13 елде, оның ішінде Германия, Испания және Нидерландыда күн көзінен энергия өндіру көлемі біршама өскен.
"Бұл ЕО-ның энергетика жүйесі қаншалықты жылдам өзгеріп жатқанын көрсетіп отыр. Күн энергиясын пайдалану көрсеткіші артып келеді", – деді Ember сарапшысы Крис Росслоу.