Күрең берет сынағында жаңа талап пайда болды

Биыл аталған сынаққа қатысқан 101 үміткердің 13-і ғана күрең берет кие алды.   

Күрең берет сынағында жаңа талап пайда болды Фото: ҚР Ұлттық ұланы телеграм

Әрі биылғы іріктеудің бір ерекшелігі  арнайы жасақ жауынгерлері алғаш рет FPV-дрондарды басқару бойынша норматив тапсырды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Қарағандыдағы "Қарабас" полигонында Ұлттық ұланның "Бүркіт" арнайы мақсаттағы бөлімшелері арасында "Күрең берет – 2026" сынағы өз мәресіне жетті.  Бір аптаға созылған сынаққа Қазақстанның әр өңірінен келген 101 әскери қызметші қатысты. Ал іріктеу кезеңдерінен сүрінбей өткен 60 жауынгер негізгі сынаққа жіберілді.

Олар 65 шақырымдық ауыр жорықтан өтіп, физикалық төзімділік, тактикалық дайындық және қару қолдану шеберлігін сынайтын бірқатар тапсырманы орындады.

Сынақ бағдарламасында 5 шақырымға жүгіру, таулы-тасты аумақта қозғалу, жараланған әскери қызметшіні алып жүру, тосқауылдардан өту, газтұмылдырықпен жүгіру, окоп қазу және топографиялық бағдарлау сияқты тапсырмалар болды. Сонымен қатар, жауынгерлер су бөгетінен өтіп, атыс жаттығуларын орындап, кедергілер жолағынан өтті.

Үміткерлер шартты қарсыластың шабуылына тойтарыс беру, атыс кезінде дұрыс әрекет ету және қоян-қолтық ұрыс бойынша да қабілеттерін көрсетті.

Биылғы сынаққа енгізілген FPV-дрон басқару нормативі арнайы жасақтың заманауи жауынгерлік даярлығына қойылатын талаптардың өзгеріп жатқанын көрсетті. Әскери қызметшілерден тек физикалық күш пен төзімділік емес, жаңа технологияларды меңгеру және күрделі жағдайда жылдам шешім қабылдау қабілеті де талап етілді.

Сынақ барысында белгіленген талаптарды орындай алмаған бірнеше үміткер жарыстан шығарылды. Нәтижесінде 101 қатысушының арасынан 13 жауынгер ғана барлық кезеңнен сүрінбей өтіп, күрең берет кию құқығына ие болды.

Жеңімпаздарға күрең беретті ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы Аңсаған Балтабеков табыстады. Іс-шараға Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев та қатысты.

"Күрең берет" сынағы арнайы мақсаттағы бөлімшелер әскери қызметшілерінің кәсіби және жауынгерлік даярлығының жоғары деңгейін анықтайтын күрделі сынақтардың бірі саналады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу