Күрес түрлерінен әлем чемпионатының екінші жарыс күні "алтынсыз" аяқталды

1987

"Барыс-Арена" кілемінде грек-рим күресінен 67, 87 және 97 келі салмақтағы балуандардың финалистері анықталса, 55, 62, 72 және 82 келіде чемпиондар мен жүлдегерлердің есімі белгілі болды.

Күрес түрлерінен әлем чемпионатының екінші жарыс күні "алтынсыз" аяқталды Фото: olympic.kz

Күрес түрлерінен Нұр-Сұлтандағы әлем чемпионатының екінші жарыс күні аяқталды. Сондай-ақ, әлем біріншілігінің салтанатты түрде ашылу рәсімі өтті, деп жазады Olympic.kz. 

15 қыркүйекте грек-рим күресінен олимпиадалық салмақ дәрежелеріндегі балуандар сынға түсті. Өкінішке қарай, Қазақстан сапынан кілемге шыққан үш балуанымыз да жүлде ауылынан алыс қалды.

67 келіде белдескен Мейіржан Шермаханбет бірінші белдесуде-ақ АҚШ балуанына есе жіберсе, 87 келідегі Азамат Күстібаев үшінші айналымда кубалық Дэниел Григоричтен ұтылды. 97 келідегі Ерұлан Ысқақов екінші кезеңде Грузия балуаны Георгий Мелиядан таза жеңілді. 

Қазақстандық балуандардың қарсыластары да ұзаққа шаппады. Сол себепті, бүгін өтетін жұбаныш белдесулеріне біздің спортшылар қатыспайды. Аталған салмақ дәрежесіндегі Олимпиада жолдамасын балуандар аймақтық іріктеу турнирінде алуға тырысады. 

Осыдан 20 жыл бұрынғы тарихи сәтті жаңғыртып, әлем чемпионатының алтынын алатын мүмкіндік болған еді. Алайда, 55 келідегі Қорлан Жақаншаға мұндай бақ бұйырмады. Кіл мықтыларды, оның ішінде 2018 жылғы әлем чемпионы Эльданиз Азизлиді жеңген Қорлан ақтық сында алтыннан көз жазып қалды. Қазақ балуаны грузиялық Нугзари Цурцумиядан ірі есеппен ұтылды.

Грек-рим күресінен Қазақстан командасының капитаны, тәжірибелі Алмат Кебіспаев бұл жолы да үздіктер қатарынан көрінді. Әу баста алтын алады деп үміт артқан балуанға жапондық Шинобу Ота алдырмаған болатын. Ота өзіне ешкімнің тең келмейтінін дәлелдеп, әлемдік сынның алтынын тағынды. Ал Алмат болса, өзінің жүлде қоржынына әлем чемпионатының үшінші қоласын салды. Кебіспаев кіші финалда 2018 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, қырғызстандық Тынар Шаршенбековті 9:0 есебімен ұтты. 

Осылайша, қазақ балуандары әлем чемпионатының күмісі мен қоласын қоржынға салды. Талай жыл арманға айналған алтынның орны әлі де бос тұр. Мүмкін, бүгін кілемге шығатын Мейрамбек Айнағұлов (60 келі), Асхат Ділмұхаммедов (77 келі) және Темірлан Шадукаевтардың (130 келі) бірі жанкүйерді қуантар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу