Ақмола облысында жаңғырту жұмыстары аяқталғаннан кейін "Курорт-Бурабай" теміржол вокзалы салтанатты түрде пайдалануға берілді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Іс-шараға Ақмола облысы әкімінің бірінші орынбасары Елдос Рамазанов және Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі Теміржол және су көлігі комитеті төрағасының орынбасары Елдос Нестай қатысты.
Бурабай еліміздегі жетекші туристік бағыттардың бірі саналады. Осыған байланысты "Курорт-Бурабай" вокзалы теміржол вокзалдарын жаңғырту бағдарламасы аясында туристік маңызы жоғары 20 нысанның қатарына енгізілген.
Жаңғырту барысында ғимараттың қасбеті мен ішкі бөлмелері толық жаңартылып, инженерлік желілер ауыстырылды. Жолаушыларға арналған күту залдары жаңартылып, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолайлы жағдайлар жасалды.
Вокзалдың ашылуы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан 124 теміржол вокзалын жаңғырту бағдарламасының бір бөлігі болып табылады. Ақмола облысында осы жоба аясында 16 вокзал жаңартылуда.
Жоба өңірдің туристік әлеуетін арттырып, Бурабай курорттық аймағының көлік инфрақұрылымын дамытуға ықпал етеді.