Курорттық аймақтарға келушілер көбейіп, ел ішінде демалу бағасы да қымбаттауда

710

2021 жылы Қазақстан Республикасының 19 курорттық аймағында 1 575 қонақүйлер, коттедждер, санаторийлер және басқа орналастыру орындары жұмыс істеді, бұл көрсеткіш 2020 жылы 1 467 болатын, деп хабарлады inbusiness.kz тілшісі ranking.kz-ке сілтеме жасап. 

Курорттық аймақтарға келушілер көбейіп, ел ішінде демалу бағасы да қымбаттауда

Бөлмелер саны бір жылда 3,3%-ға өсіп, 39,7 мыңға жетті.

2021 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында курорттар барлығы 58 млрд теңгеге қызмет көрсетті, бұл өткен жылмен салыстырғанда құндық мәнде 72,8%-ға артық.

Еліміздің 19 курорттық аймағының ішінде Алматы таулы кластерінде 53,9% қызмет көрсетілді (31,2 млрд теңгеге). 

Қызмет көрсету көлемінің жылдық өсімі 67,4%-ды құрады. Үздік үштікке сонымен қатар Щучье-Бурабай (8,9 млрд теңге, +64,8%) және Маңғыстау (7 млрд теңге, +70,8%) курорттық аймақтары кірді.

Ең аз қызмет көрсету көлемі "Байқоңыр" туристік аймағына тиесілі: бар болғаны 275 мың теңге – бір жыл бұрынғыдан 3,8 есе аз.

2021 жылдың он екі айында қонақүйлер және басқа да орналастыру орындары 2,6 млн адамға қызмет көрсетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 56,4%-ға көп.

Келушілердің көпшілігіне Алматы тау кластерінде (1,4 млн адам), сондай-ақ Маңғыстау курорттық аймағында (273,2 мың адам), Алматы облысының Алакөл курорттық аймағында (226,3 мың адам) және Щучье-Бурабай курорттық аймағында қызмет көрсетілді (183,1 мың адам).

 "Байқоңыр" туристік аймағы туристерді ең аз қабылдады: бір жыл бұрынғы 104 адамға қарсы небәрі 87 адам. Жылдық төмендеу – 16,3%. 

Бұл ретте туроператорлар Қазақстанда биыл жазғы демалыс қымбатқа түсетінін ескертті. Отандық шипажайлар мен қазақстандық санаторийлерде демалу бағасы бірнеше себептерге байланысты өседі: теңгенің долларға шаққандағы күрт құлдырауы, инфляция және азық-түлік пен тауарлар бағасының өсуі.

Әзірге, биылғы жылдың сәуір айының қорытындысы бойынша, санаторийлер қызметтерінің бағасы айына 2,3%-ға, жыл басынан бері 4,5%-ға және жылына 12%-ға өсті. 

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу