Күршім ауданында төтенше жағдай жарияланды

449

Марқакөлдіктер қар құрсауында қалды. 

Күршім ауданында төтенше жағдай жарияланды Фото: ШҚО облыс әкімдігі

Күршім ауданына қарасты Марқакөл және Төсқайың өңірлерінде төтенше жағдай жарияланды. Қаңтардың басынан бастап жауған қардың қалыңдығы 2 метрге дейін жеткен. Аталған елді мекендерде қатынас үзілген.

Қар құрсауында қалған тұрғындар аудан және облыс орталықтарына жете алмай жатқандарын айтып көмек сұраған. Техника жіберілген. Бірақ қалың қарды жылдам күреу мүмкін болмаған. Сондықтан ауыл тұрғындары үшін азық-түлік пен дәрі-дәрмек тікұшақпен жеткізілді.

"Қардың түсу нормаларының асып кетуін және елді мекендерге көлік қатынасының болмауын ескере отырып, Күршім ауданының әкімдігі жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жариялады", - дейді облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

ШҚО көлік және автомобиль жолдары басқармасының деректері бойынша жол жүруді қамтамасыз ету үшін қосымша техника жөнелтілді. Қазіргі уақытта арнайы техниканың 24 бірлігі жұмылдырылған. Алайда боранға байланысты жұмыс істеу қиындық тудыруда.

Сондай-ақ, Күршім ауданына қажетті көмек көрсету үшін ШҚО бойынша ТЖ департаментінің Жоғары өтпелі техникасы келді.

Марқакөл және Тосқайын ауылдық округтері мектептерінің оқушылары 8 қаңтардан бастап, қашықтықтан оқыту форматына ауыстырылды.

"Қолайлы ауа-райы жағдайлары белгіленгеннен кейін, 16 қаңтарда ауылдық округтердің тұрғындарына қажетті азық-түлік пен дәрілік заттарды жеткізу үшін тікұшақ жіберілді. Жағдай жергілікті атқарушы органдардың бақылауында", - делінген ақпаратта.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу