Комиссия мүшесінің айтуынша, бір палаталы Парламентке өтуге байланысты қолданыстағы Конституцияның "Парламент" бөлімінің бірқатар баптарына оның құрылуы, сайлануы, құзіреті, өкілеттігі, заң қабылдау процестері мен құрамына қатысты маңызды өзгерістер енгізу көзделген. Бірқатар баптардың күші тұтастай алынып тасталады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Жобаға сәйкес, Қазақстан Республикасының Құрылтайы – Қазақстан Республикасының заң шығару билігiн жүзеге асыратын ең жоғары өкiлдi органы болып саналады. Құрылтайдың өкілеттігі оның бірінші сессиясы ашылған кезден басталады және жаңадан сайланған Құрылтайдың бірінші сессиясының жұмысы басталған кезде аяқталады. Құрылтайдың ұйымдастырылуы мен қызметі, оның депутаттарының құқықтық жағдайы Конституциялық заңда айқындалады", – деді Нұрлан Бекназаров.
Құрылтай конституциялық заңда белгіленген тәртіппен біртұтас жалпыұлттық сайлау округінің аумағы бойынша пропорционалды өкілдік ету жүйесімен сайланатын 145 депутаттан жасақталады. Депутаттардың өкілеттік мерзімін бес жыл етіп белгілеу ұсынылған.
Сондай-ақ, Президент жаңа реформалар аясында қоғамымыздың елеулі дамуына, елдің ынтымақ-бірлігін нығайтуға ықпал ететін қоғамдық-саяси бірлестіктер мен белсенділерді біріктіретін жаңа жоғары консультативтік орган – Қазақстан Халық кеңесін құруды ұсынған еді. Депутат Ата заңға Халық Кеңесінің өкілдігіне, құзіретіне, қатысты жеке бөлімнің енгізілуі консультативтік органның маңыздылығын айқындайтынын жеткізді.
"Қазақстан Республикасының Халық Кеңесі – Қазақстан халқының мүддесін білдіретін жоғары консультативтік орган болып белгіленеді және оның құрамы Қазақстан Республикасының азаматтарынан жасақталады. Халық Кеңесін құру тәртібі және оның құрамы, өкілеттігі мен қызметін ұйымдастыру мәселелерін айқындайтын заңға Конституциялық мәртебе берілгенін ерекше атап өту қажет", – деді Нұрлан Бекназаров.