I шақырылымдағы Құрылтайдың жанынан мәслихаттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес құрылады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Құрылтай депутаты Әмірбек Оспанбековтің сөзінше, Құрылтайдың жанындағы Мәслихаттармен өзара іс-қимыл жасау жөніндегі кеңестің негізгі міндеті – заңдардың әзірленуіне, Құрылтай қабырғасында талқылануына, мәслихаттардың тұрақты түрде қатысуын қамтамасыз ету және олардың жергілікті жерде қолданылуына қатысты кері байланыс алу. Осы жұмыс аясында Кеңес жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы заңнаманы жетілдіру жөнінде, сондай-ақ өңірлердің даму мәселелері бойынша ұсыныстар әзірлейтін болады.
"Заңдардың құқықтық тұрғыдан қолданылуына мониторинг жүргізуге Кеңес қызметінде ерекше орын беріледі. Сапалы заң қабылдап қана қоймай, оның нормаларының іс жүзінде қалай қолданылатынын ұғыну маңызды. Мәслихаттардың қолданыстағы нормаларды қолдану барысындағы проблемалар туралы ақпараты бір жүйеге салынып, талданатын болады, ал келіп түсетін ұсыныстар – одан әрі пысықтауға жіберіледі", – деді депутат.
Кеңестің жұмысына аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың мәслихаттары да қатыса алады. Олар үшін өз ұсыныстарын тікелей жіберу және оларды талқылауға қатысу мүмкіндігі көзделеді.
"Кеңестің құрамына Құрылтайдың тұрақты комитеттерінің өкілдерін, мәслихаттарда немесе мәслихаттармен жұмыс істеу тәжірибесі бар депутаттарды, саяси партиялардың және жекелеген мемлекеттік органдардың өкілдерін, сондай-ақ облыстар, астана және республикалық маңызы бар қалалар мәслихаттарының төрағаларын енгізу ұсынылады. Өңірлермен тұрақты өзара іс-қимыл жасауды Құрылтайдың төрт депутатынан құрылатын хатшылық қамтамасыз етеді, олардың әрқайсысына бес өңір бекітіліп беріледі", – деп атап өтті Әмірбек Оспанбеков.