Құрылтайдың жұмыс тәртібін айқындайтын регламент қабылданды

342

Құрылтай отырыстары ашық өткізіледі.  

Құрылтайдың жұмыс тәртібін айқындайтын регламент қабылданды Фото: t.me/quryltairesmi

Құрылтайдың жалпы отырысында Құрылтай Регламентінің жобасы қабылданды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Құжатты Құрылтай депутаты Снежанна Имашева таныстырды.

"Құрылтай Регламентінің ұсынылып отырған жобасы – еліміздегі жоғары өкілді органның ішкі ұйымдастырылуын және қызмет тәртібін айқындайтын құжат. Регламентте Құрылтай мен оның органдарының қызметін ұйымдастыру, отырыстарды, тыңдаулар мен Үкімет сағаттарын өткізу тәртібі, заң шығару процесінің қағидалары, депутаттық бірлестіктердің қызметі, сондай-ақ депутаттардың өз өкілеттіктерін жүзеге асыру тәртібі айқындалады. Жоба барлығы 31 тараудан және 310 тармақтан тұрады", – деді депутат.

Кезекті сессия жылына бір рет – қыркүйектің бірінші жұмыс күнінен маусымның соңғы жұмыс күніне дейін өткізіледі.

"Кезекті сессиялар арасындағы кезеңде депутаттар заң шығару бастамасы құқығын іске асыру, заңдарға түзетулер әзірлеу, сайлаушылармен жұмыс істеу сияқты өкілеттіктерді жүзеге асырады. Өңірлерге шығу үшін депутаттарға күнтізбелік он күнге дейін уақыт беріледі. Мұндай шығулар әр сессияда кемінде екі рет жүзеге асырылуға тиіс.

Құрылтай отырыстары, әдетте, сәрсенбі және бейсенбі күндері, тыңдаулар – жұма күндері, Үкімет сағаттары – дүйсенбі күндері өткізіледі. Отырыс депутаттардың жалпы санының кемінде үштен екісі, яғни кемінде 97 депутат қатысқан жағдайда заңды болып саналады", – деді Снежанна Имашева.

Депутаттың сөзінше, Құрылтай отырыстары ашық өткізіліп, олардың трансляциясы болады.

"Сонымен қатар кейбір көзделген жағдайларда қолжетімділігі шектеулі ақпаратты қорғау талаптары сақтала отырып жабық отырыстар өткізілуі мүмкін", – деп түсіндірді Құрылтай депутаты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу