Құрылтайға Ұлыбритания парламентінің алғашқы шетелдік делегациясы келді

460

​Құрылтай Төрағасының орынбасары Нұрлан Бекназаров Ұлыбритания Парламенті Қауымдар палатасының депутаты, Қорғаныс жөніндегі арнайы комитет төрағасы Тан Дэси бастаған делегациямен кездесті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.  

Құрылтайға Ұлыбритания парламентінің алғашқы шетелдік делегациясы келді Фото: Қазақстан Республикасының Құрылтайы

Кездесуде Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы парламентаралық байланысты нығайту және стратегиялық әріптестікті дамыту мәселелері сөз болды.

Бұл – Құрылтай құрылғаннан кейін Қазақстанға келген алғашқы шетелдік парламенттік делегация.

"Бұл сапар парламентаралық байланыстарды одан әрі нығайтып, Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы стратегиялық ынтымақтастықты кеңейтуге ықпал етеді деп сенемін", – деді Нұрлан Бекназаров.

Тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды кеңейту, көлік-транзит саласындағы ынтымақтастық, цифрландыру, жасанды интеллект және білім беру бағыттарын талқылады.

Сонымен қатар Құрылтай комитеттері мен Ұлыбритания Парламентінің Қауымдар және Лордтар палаталарындағы бейінді комитеттері арасында тікелей диалог орнату ұсынылды.

Нұрлан Бекназаров заң шығару үдерісін цифрландыру және жасанды интеллектіні қауіпсіз әрі жауапты пайдалану бойынша тәжірибе алмасудың маңызын атап өтті.

Өз кезегінде Тан Дэси Ұлыбританияның Қазақстанмен стратегиялық серіктестікті одан әрі дамытуға мүдделі екенін айтты. Оның пікірінше, бұл бағыттағы жұмыстарға екі ел парламентшілерінің белсенді қатысуы қосымша серпін береді.

Кездесу соңында тараптар парламентаралық диалогты жалғастырып, екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға дайын екендерін білдірді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу