"Құрылыс қарқыны бәсеңдемейді" – Алмат Жүнісов

951

Кәсіпкерлер палатасы құрылыс бизнесі өкілдерімен кездесті.  

"Құрылыс қарқыны бәсеңдемейді" – Алмат Жүнісов

"Қазақстан құрылысшылар одағы" республикалық заңды тұлғалар бірлестігі алаңында Нұр-Сұлтан қалалық "Атамекен" кәсіпкерлер палатасының директоры Алмат Жүнісов елордалық құрылыс бизнесі өкілдерімен кездесті.

Кездесу барысында Нұр-Сұлтан қалалық кәсіпкерлер палатасының 2019 жылы құрылыс және басқа да салаларды атқарған қызметі талқыланды.

Кәсіпкерлер палатасының өкілдері экономикалық жетістіктерді көрнекті түрде көрсете отырып, палатаның кәсіпкерлер құқығын қорғаудағы жеткен жетістіктерін, сатып алудағы көрсеткіштерді, адам капиталының дамуын сөз етті.

"Қазақстан құрылысшылар одағы" РЗТБ жетекшісі Талғат Ерғалиев мемлекет пен кәсіпкерлер серіктес болуы керек екенін айтты.

"Елімізде құрылыс саласы дамып келе жатқанына 20 жылдай уақыт өтті. Бүгінгі күні мемлекеттік органдар бізге құлақ асса екен дейміз. Өйткені олар нарықтағы нақты жағдайды білмей жатады. Ал біз осы нарықта жұмыс істеп жатырмыз. Жоспарланып жатқан реформаларды жүзеге асыру сол кезде тиімді болады. Осы кездесу барысында кәсіпкерлер палатасымен кеңесе отырып, кейбір мәселелердің шешімін табамыз деп ойлаймын", – деді Талғат Ерғалиев.

Алмат Жүнісов елордада құрылыс секторы дами беретіндігіне сенім білдірді.

"Экономикада тоғыз айдың қорытындысы бойынша, Нұр-Сұлтан қаласының жалпы ішкі өнімі республикалықтан алып қарағанда 10,3%, немесе 4,6 трлн теңге. Салықтар 848 млрд теңге көлемінде. Бұл да 13% көлемінде. Тұрғындар саны бір миллион адамнан асады. Халық саны туралы айту себебім, құрылыс саласы тұрғындар санының өсуімен тығыз байланысты. Нұр-Сұлтан қаласында құрылыс секторы өсе түскенін көріп отырмыз. Қалада мектептер, балабақшалар тәрізді әлеуметтік нысандар жетпей жатыр. Көптеген тұрғынға баспана қажет. Сол себепті, елордада құрылыс қарқыны бәсеңдемейді", – деді ол.

Нұр-Сұлтан қалалық кәсіпкерлер палатасының директоры құрылыс саласының төңірегіне басқа бизнес те дамитынын айтып өтті.

"Құрылыс секторының көлемі 6,2%. Бұл көп емес, алайда құрылыс секторы мультипликативті түрде басқа салалардың өсуіне әсер етеді. Өйткені көлік тасымалы болсын, тауар өндіруші болсын, көпшілігі құрылыс саласымен тығыз байланыста жұмыс істейді. "Атамекен" кәсіпкерлер палатасында білім алушылардың арасында құрылыс саласы кәсіптерін үйреніп жатқандар көп", – деді ол.

Нұржан Көшкін

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу