Құрылысы әлдеқашан аяқталған Атыраудағы қоқыс сұрыптау зауыты қашан ашылады?

260

Кешен осы жылдың екінші тоқсанында іске қосылуы мүмкін.

Құрылысы әлдеқашан аяқталған Атыраудағы қоқыс сұрыптау зауыты қашан ашылады? Фото: Pixabay.com

Мәжіліс депутаты Дүйсенбай Тұрғанов Атыраудағы қоқыс сұрыптау зауыты қашан іске қосылатынын сұрады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"2023 жылдан бастап Атырау қаласында қуаты 150 мың тоннаны құрайтын қоқыс сұрыптау зауыты дайын тұр. Құрылысы бітті. Green City clinic деген компания 3,5 млрд-тай теңге сол зауытқа құйған. Қазір рұқсат қағаздары бар, түгел дайын. Бірақ әкімдік тарифке келіспегендіктен, зауыт бір жылдан аса бостан босқа тұр. Зауыт қашан іске қосылады? Бұл шешілетін мәселе ме?", - деді депутат Мәжілісте өткен тұрмыстық қатты қалдықтарды тиімді басқару тақырыбындағы дөңгелек үстелде. 

Облыс әкімдігі өкілінің сөзінше, қазіргі уақытта қала әкімдігімен келіссөздер жүргізіліп жатыр. 

"Осы зауыт құрылысы Атырау қаласы әкімдігінің меншігіне алынатын болды. Құжаттар аяқталғаннан кейін іске қосу жоспарланып отыр", - деді Атырау облысы Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының м.а. Нұргүл Сүгірбайқызы.

Депутаттар "Тариф мәселесін келістіңіздер ме?" деп нақтылады.

"Жоқ. Қазіргі уақытта сот мәселесі шешілуде. Екі мекеме арасындағы меморандумға байланысты келіссөздер жүргізіліп жатыр. Негізі (зауытты) бірінші тоқсанда қосуды жоспарладық. Сот процесінің созылуына байланысты екінші тоқсанда міндетті түрде қосу жоспарда бар", - деді облыс әкімдігінің өкілі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу