Жабайы құстардың, үй құстары мен сүтқоректілердің арасында тарап жатқан құс тұмауы мутацияланып, адамнан адамға жұғатын болса, COVID-19-дан да ауыр пандемияға әкеп соғуы мүмкін. Мұны француздың Пастер институтының Респираторлық инфекциялар орталығының жетекшісі мәлімдеді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Жоғары патогенді құс тұмауы кейінгі бірнеше жылда жүздеген миллион құстың қырылуына себеп болып, азық-түлік жеткізуді тұралатып, бағаның өсуіне себеп болды. Дегенмен, әзірге бұл аурудың адамдарға жұғу оқиғалары өте сирек.
"Біздің қорқатынымыз – бұл вирус сүтқоректілерге, әсіресе адамдарға бейімделіп, адамнан адамға жұғу қабілетіне ие болып, пандемиялық вирусқа айналып кетуі де ғажап емес", – дейді Пастер институтының Респираторлық инфекциялар орталығының жетекшісі медициналық директоры Мари-Анн Рамейс-Вельти Reuters агенттігіне берген сұхбатында.
Пастер институты COVID-19 вирусын анықтау тесттерін әзірлеп, бөліскен алғашқы еуропалық зертханалардың бірі. Және де ол хаттамаларды Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен бүкіл әлемдегі зертханаларға қолжетімді етті.
H5 ҚҰС ТҰМАУЫНА ҚАРСЫ АНТИДЕЛЕР ЖОҚ
Адамдарда H1 және H3 маусымдық тұмауларға қарсы антиденелер бар, бірақ оларда құстар мен сүтқоректілерге әсер ететін H5 құс тұмауына қарсы антиденелер жоқ. Дәл солай COVID-19-ға қарсы да антиденелер болмаған.
Рамейс-Вельтидің айтуынша, негізінен осал адамдарға әсер ететін COVID-19-дан айырмашылығы сол, тұмау вирустары сау адамдарды, солардың ішінде балаларды да өлтіруі мүмкін.
"Құс тұмауының пандемиясы өте ауыр, тіпті біз бастан кешірген пандемиядан да қиын болуы мүмкін", – дейді француз зерттеушісі.
Бұрын адамдардың H5 құс тұмауы вирусын жұқтыру оқиғалары көп болды. Солардың ішінде қазіргі уақытта АҚШ-та құстар мен сүтті сиырлар арасында таралып жүрген H5N1 инфекциясына шалдыққандар да кездесті. Бірақ ол адамдар көбінесе жануарлармен тығыз байланыста болған. Осы айда алғаш рет адамнан H5N5 вирусы АҚШ-тың Вашингтон штатында анықталды. Бұған дейін ауырған ер адам өткен аптада қайтыс болды.
Өзінің құс тұмауы жайлы соңғы есебінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 2003-2025 жылдар аралығында адамдар арасында 1000-ға жуық адам осы вирусқа шалдығып, негізінен Мысырда, Индонезияда, Вьетнамда сол науқастардың 48 пайызы қайтыс болғанын атап өтті.
ПАНДЕМИЯ ҚАУПІ ӘЗІРГЕ ТӨМЕН
Алайда, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ғылыми бөлімінің басшысы Грегорио Торрестің мәлімдеуінше, адам пандемиясының өршу қаупі төмен.
"Біз ертерек жауап беруге дайын болуымыз керек. Бірақ әзірге орманда серуендеп, тауық еті мен жұмыртқа жеп, өмірден ләззат ала аласыз. Пандемия қаупін жоққа шығаруға болмайды. Бірақ ықтималдық тұрғысынан алғанда, оның басталу мүмкіндігі әлі де тым төмен", – дейді ол.
Сонымен қатар, Рамейс-Вельтидің сөзінше, егер құс тұмауы мутацияланып, адамдар арасында тарайтын болса, әлем COVID-19 пандемиясымен салыстырғанда оған әлдеқайда жақсырақ дайын.
"Бізде нақты алдын алу шаралары бар. Кандидат-вакциналар дайын және сол екпені қалай тез өндіру керектігін білеміз. Бұған қоса, бізде дәл осы құс тұмауына қарсы тиімді препараттардың үлкен қоры бар", – дейді ол.