Құтқарушылар жүргізушілерге ренжулі

807

Шыдамсыз жүргізушілер өзгелерді басып озбақ болып, жол кептелісіне, жол-көлік оқиғасына себеп болған.

Құтқарушылар жүргізушілерге ренжулі

Шыдамсыз жүргізушілердің кесірінен жол-көлік оқиғасы орын алып, 123 көлік қалаға уақытылы жете алмаған. Бұл туралы "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясы" ЖШС басқарма төрағасы Ұлан Әліпов айтты.

"Құтқару кезінде көлік иелерінің жылдамдық режимін сақтауын сұраймын. Кеше Нұр-Сұлтаннан Щучинскіге және кері бағытта автокөліктер легін бастап апардық. Щучинскіге барлығы жақсы жетті. Ал Нұр-Сұлтанға бара жатқан көлік колоннасының арасынан шыдамсыз үш жүргізуші шығып, барлығын басып озбақ болды. Нәтижесінде жол-көлік оқиғасы орын алып, сегіз көлік қақтығысты. Көлік легі екіге бөлініп, бір топты Ақкөл қаласына апаруға тура келді. Ал екінші көлік колоннасы елордаға жақындап қалғанда БМВ Х5 көлігі алда келе жатқан арнайы техниканы озбақ болып алдыға шықты да, қарға батып қалды. Ал қалаға дейін 24 шақырым ғана қалған еді. Бірінің соңынан бірі келе жатқан 123 автокөлік қалаға тек таңертең ғана кіруге мүмкіндік алды", – деді ол.

"ҚазАвтоЖол" басшысы ауа-райы жақсарған кезде тас жолдар дереу ашылатынын айтты.

"Жол жабылған кезде ешқайда шықпауларыңызды сұраймыз. Кеше Қарағанды тас жолында жол жабық болғанына қарамай, бір көлік жүргізушісі қарсы бағытқа шығып жүрді. Оның бұл әрекетінің кесірінен қарама-қарсы келе жатқан көліктер тоқтап қалды. Тұрып қалған көліктерді құтаруға тура келді. Жолдарды жабу – бізге емес, ауа райына байланысты. Ауа райы жақсарған сәтте жолдарды дереу тазартып, көліктердің жүруі үшін ашамыз", – деді Ұлан Әліпов.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу