Қаржылық мониторинг агенттігі Бас көлік прокуратурасының үйлестіруімен АИ-92 маркалы бензинді Қырғызстанға заңсыз экспорттаумен айналысқан қылмыстық топқа қатысты тергеуді аяқтады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Тергеу мәліметінше, топ құрамында 9 адам болған. Олар заңсыз схеманы жүзеге асыру үшін 12 компанияны тіркеп, бензиннің шығу тегін жасыру мақсатында екі шағын мұнай өңдеу зауытының қызметін пайдаланған.
Күдіктілер құжат жүзінде бензинді түрлі химиялық қоспалармен араластырып өңдеген болып көрсеткен. Алайда іс жүзінде жанармай ешқандай өңдеусіз теміржол цистерналарына құйылып, жалған құжаттар арқылы мұнай-химия өнімі ретінде рәсімделген.
"Осылайша, АИ-92 бензині Қырғызстанға заңсыз шығарылып отырған. Бұл әрекеттер Қазақстанның ішкі нарығында жанармай тапшылығы байқалған кезеңде де жалғасқан", – делінген агенттік хабарламасында.
Тергеу барысында заңсыз экспортталған бензин көлемі 190 мың тоннадан асқаны анықталды. Қылмыстық топтың көлеңкелі айналымы 37,2 млрд теңгеден асқан.
Жедел іс-шаралар кезінде "Түрксіб" станциясында Қырғызстанға жөнелтілмек болған 500 тоннаға жуық бензин тиелген 8 теміржол цистернасы ұсталды.
Құны 138 млн теңге болатын жанармай тәркіленді.