"Қылтима, желкөз, себезгі...": Қасым-Жомарт Тоқаев қисынсыз аудармаларға қатысты пікір білдірді

Мемлекет басшысы "қазақ тілі үшін жасанды сөздердің қажеттілігі екіталай" деп есептейді.

"Қылтима, желкөз, себезгі...": Қасым-Жомарт Тоқаев қисынсыз аудармаларға қатысты пікір білдірді Фото: Ақорда

Президент пікір білдірген сөздердің арасында қолданыста жүрген бірнеше аударма бар, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

– Жалпы тіліміз басқа іргелес елдердің тілдерімен салыстырғанда әлдеқайда таза деп айтсақ, дұрыс болар.

Мысалы, бұрын өте сирек пайдаланған немесе мүлде пайдаланбаған "тұжырымдама, қағидат, жоспар, сыйақы, шәкіртақы, еңбек өтілі, кешенді, әмбебап, жүйелі, тыңайтқыш, жанармай, көгалдандыру, босқын, қырғи-қабақ соғыс, қоқан-лоқы, лаңкестік, есірткі, бітімгерлік күштер, мәмілегер, ғарыш, зымыран, жаһан, ғаламтор, тікұшақ, жасанды сана, пайыз, сынып" сияқты сөздер тілімізде кең қолданыс тапты. Бұл – жақсы дүние.

Бірақ әр жақсы құбылыстың шегі болуы керек. Мысалы, "күйсандық (пианино), қылтима (балкон), субұрқақ (фонтан), себезгі (душ), қырыққабат (капуста), үнқағаз (газет), жеделсаты (лифт), желкөз (форточка)" және тағы басқа жасанды сөздердің қажеттілігі екіталай сияқты.

Соңғы кезде дінге қатысты көне сөздеріміздің орнына араб сөздерін жиі қолдану сән болып кетті. Мұның да қажеттілігіне күмән бар.

Жалпы, осының бәрі – өте өзекті мәселелер, сондықтан кәсіби ғалымдар өздерінің салмақты пікірлерін ортаға салуы қажет. Тіл ғылымына қатысты әмбебап, бәріне қолжетімді цифрлық жүйе әзірлеу маңызды.

Бұл міндетті мемлекеттік деңгейде сапалы орындау үшін құрамына кәсіби тіл мамандары, ғалымдар, сарапшылар мен жалпы қоғам өкілдері кіретін арнайы жұмыс тобын құрған жөн деп санаймын. Жұмыс тобының қызметін үйлестіру Президент Әкімшілігіне жүктеледі, – деді Мемлекет басшысы. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу