"Қымыз жарнамасы": Алматыда бетін тұмшалаған 4 әйелмен жүрген ер адам қызу талқыға түсті

207

Кінәлі тұлғаларға ескерту түріндегі тәртіптік жаза қолданылды.  

"Қымыз жарнамасы": Алматыда бетін тұмшалаған 4 әйелмен жүрген ер адам қызу талқыға түсті Фото: Видеодан скриншот

Алматыда түсірілген даулы видео желіде жарияланды. Онда ер адамның никаб киген 4 әйелмен бірге дүкен аралап, қымыз сатып алғаны бейнеленген. Кейін бұл ұлттық сусынның жарнамасы екені белгілі болды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Алматы қаласының Полиция департаменті әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында қоғамдық орында беттері тұмшаланған бірнеше әйел мен олардың жанында жүрген ер адамның бейнежазбасын анықтады.

Тексеру нәтижесінде аталған роликтің коммерциялық түсірілім аясында дайындалған қойылымдық сипатта екені белгілі болды.

"Жекелеген қатысушылардың әрекеттерінен Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес, қоғамдық орындарда тұлғаны тануға кедергі келтіретін киім элементтерін киюге қатысты әкімшілік құқық бұзушылық белгілері анықталды. Жинақталған материалдар қаралып, кінәлі тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды оларға ескерту түріндегі жаза қолданылды. Сонымен қатар, олармен профилактикалық және түсіндіру жұмыстары жүргізілді", – деп хабарлады қалалық ПД баспасөз қызметі.

Тәртіп сақшылары қоғамдық орындарда заң талаптарын сақтау әр азамат үшін міндетті екенін еске салды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу