"Қырғыз тарапы қол жеткізілген уағдаластықты орындаған жоқ"

1028

Қырғызбен шекарадағы кезекке не себеп? Бұл сұраққа Мемлекеттік кірістер комитеті жауап берді.

"Қырғыз тарапы қол жеткізілген уағдаластықты орындаған жоқ"

ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Қазақстан-Қырғыз шекарасындағы жағдайға түсініктеме берді, деп хабарлайды inbusiness.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

"Жыл басынан бері Қырғыз Республикасынан Қазақстан Республикасына қытайлық өндірістің халық тұтынатын тауарлары импортының 4 есе өсуі байқалды. Тәуекелдерді басқару жүйесі негізінде жүргізілетін тақырыптық салықтық тексерулер аясында тауарға ілеспе құжаттарда көрсетілмеген, негізінен Қытай өндірісіндегі, қымбат және салықты көп қажет ететін тауарлар анықталады (оның ішінде таңбаланбаған тондар, электрондық сигареттер, брендтік тауарлар және т.б.)", – делінген комитет мәліметінде.

Тақырыптық салықтық тексерулер Қазақстан Республикасының аумағында арнайы бөлінген орындарда жүргізілетінін, шекарада тексеру іс-шаралары жүзеге асырылмайтынын атап өту қажет. 2022 жылдың 15-16 ақпанында Алматы қаласында өткен Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасының сауда ынтымақтастығы жөніндегі жұмыс тобының отырысында жүргізілген тексерулер санын қысқарту мәселесі талқыланды, бірқатар уағдаластықтарға қол жеткізілді.

"Атап айтқанда, Қырғыз Республикасының Қаржы министрлігі жанындағы Мемлекеттік салық қызметі 16 ақпаннан бастап экспорттаушыларда ЕАЭО елдеріне экспорттау кезінде тасымалданатын тауарға электрондық шот-фактуралардың (ЭШФ) болуын қамтамасыз ету бойынша міндеттемелерді өзіне алды. Тасымалданатын тауарға ЭШФ болған жағдайда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кіріс органдары бақылау іс-шараларын өткізбейді. Өз кезегінде, кездесу барысында тараптар тауарларды экспорттау кезінде ЭШФ болмауы экспорттаушының салық төлеуден жалтару мақсатында сату фактісін жасыру ниетін білдіреді, бұл екі елдің бюджеттеріне нұқсан келтіреді, сондай-ақ адал кәсіпкерлер мен өндірушілерді тең емес бәсекелестік жағдайларға қояды деген ортақ пікірге келді. Осыған байланысты қырғыз экспорттаушыларында ЭШФ болмаған жағдайда тақырыптық салықтық тексерулер жүргізу қажеттігі туралы шешім қабылданды", – деп аталып өткен хабарламада.

Сонымен қатар комитет ақпаратында қырғыз тарапы қол жеткізілген уағдаластықты орындамағаны атап өтілген.

Мәселен, 16-18 ақпан аралығында Қырғыз Республикасынан халық тұтынатын тауарлары бар 223 жүк автокөлік құралы жүріп өтті. Бұл ретте тексеру жүргізбей жүру маршруты бойынша өткен 1 ғана автокөлік құрал бойынша ЭШФ ұсынылған. 222 автокөлік құралы бойынша ЭШФ берілмеген, осыған байланысты оларға қатысты тақырыптық салықтық тексерулер жүргізіледі.

"Қырғыз тарапының қол жеткізілген уағдаластықтарды сақтамау фактісі бойынша Мемлекеттік кірістер комитеті қырғыз әріптестеріне қырғыз экспорттаушыларында ЭШФ бар болуын бақылауды күшейту қажеттілігі және қол жеткізілген уағдаластықтарды орындау қажеттілігі туралы хат жолдады. Бұл жүргізілетін тексерулер санын қысқартуға мүмкіндік береді. Өз тарапынан, тексеру жүргізуге қалыптасқан кезекті қысқарту мақсатында Мемлекеттік кірістер органдарының қызметкерлері күшейтілген режимге көшірілді – тексерулер саны орташа есеппен күніне 10 автокөлік құралдарынан 30-ға дейін көбейтілді", – деп нақтыланды ведомство.

Айта кету керек, бұған дейін БАҚ-тарда Қазақстан-Қырғыз шекарасында жүк автокөлік құралдарының жиналуы туралы материал жарияланған болатын. Өз кезегінде, Мемлекеттік кірістер комитеті жарияланған бейнематериалдарда, шекараны кесіп өтуге кедергі келтірмейтін, Қордай ауылында орналасқан тақырыптық салықтық тексерулер жүргізу орындарынан кадрлар көрсетілді деп хабарлайды.

Қазіргі уақытта тікелей екі ел шекарасында жүк автокөліктерінің жинақталуы оқиғасы жоқ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу