Қырғызстан Қазақстаннан 1 000 автобус сатып алмақ

1507

Қырғызстан басшылығы өз еліне Қазақстаннан 1 000 автобусты лизингіге алатын болыпты деген хабар тарады. Елең ететін-ақ оқиға. Қазақстанның жолаушы тасымалына арналған автобус құрастыру зауытын ашуы экономикадағы ахуалдың жаман еместігін байқатса керек. Несі бар, мұндайға еліміз әбден лайық. 

Қырғызстан Қазақстаннан 1 000 автобус сатып алмақ

Сонымен Қырғызстанның үкімет басшысы тайлы-тұяғымен Астанаға жұмыс сапарымен келді. Қазақстанның игіліктерінен олар да құр қалғысы келмейді. Қырғыз елі астығымыздың тұрақты тұтынушысы, әрі көршіміз үшін біз инвестицияның қайнар бұлағымыз. Соңғы бес-алты жылда біздің елімізден барған инвестицияның көлемі 1 миллиард доллардан асты.

Екі елдің үкімет басшылары кездескенде сауда-экономикалық, инвестициялық, энергетикалық, әскери-техникалық және басқа салалардағы ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады.

Екіжақты тауар айналымы 2021 жылдың 9 айында 680 миллион доллардан асты. Енді уақыт созбай сауда көлемін 1 миллиард долларға жеткізу көзделіп отыр. Биыл Қазақстандағы қырғыз кәсіпорындарының саны 1 273-тен 1 983 компанияға дейін немесе 55 пайызға артты. Барыс-келіс нығайып жатыр. Биылғы  жылдың 17 қарашасынан бастап "Нұр-Сұлтан-Бішкек" бағыты бойынша аптасына 2 рет әуе рейсі қатынай бастады. Осы күні екі елдің қалалары арасында аптасына 11 әуе рейсі орындалады.

Қазақстан мырзалық танытып, 1 000 тонна астықты көршіге көмек ретінде беретін болды. Қырғыз еліне бұдан бөлек 12 мың тонна астық керек екен. Соны көршіміз бізден сатып алуға бейіл танытты. Бұған қоса Қазақстан қайтарымсыз негізде әскери-техникалық көмекті де көрсетеді. Бұл – Орта Азия аумағының қауіпсіздігіне үлес қосудың аясындағы көп істің бірі ретінде қаралса керек. Екі елдің үкіметтері Қырғызстан аумағында жасалатын бірнеше бірлескен ірі жобаларды мақұлдады. Мысалы, Қырғызстанның үш жерінде Қазақстанның қатысуымен үлкен көтерме сауда орталықтары салынады.

Ең басты жаңалық – 2022 жылдың барысында Қырғызстан Қазақстаннан Yutong маркалы 1 мың электрлі, газ және дизельмен жүретін автобустарды, сонымен бірге 100 арнайы техниканы сатып алатын болды. Қазақстандық автобустар диспетчерлендірудің электрондық жүйесімен және ONAY PAY жол ақысын төлеудің автоматты жүйесімен жарақтандырылады.

Сөз арасында Қырғызстан Министрлер кабинетінің төрағасы, президент әкімшілігінің басшысы Ақылбек Жапаров Бішкек қаласына 2 мың автобус алынатынын айтқан. Бұған елең ете қалған Қазақстан Премьер-Министрі Асқар Мамин оларға біздің электробустарымызды алуды ұсынған. Мамин Қазақстанда құрастырылатын электробустар қуатты үнемдейтінін, қауіпсіз әрі ұзақ уақытқа шыдайтынын айтқан. Осыдан кейін Қырғызстан әзірге 1 мың автобус алатын болып ресми келісім жасады.

Ал енді Қазақстан қашаннан бері автобус шығарып жатыр дегенге тоқталсақ. Қазақстан Yutong деген Қытай компаниясымен бірлесіп, Қарағандының маңынан автобус құрастыру зауытын ашты. 2021 жылдың маусым айында алғашқы автобусты құрастырды. Зауытта бүгінде 500 адам жұмыс істейді. Үлкен және шағын автобустардың түр-түрі құрастырылып жатыр. Зауытта 28 қытай маманы жергілікті мамандарды үйретумен айналысуда. Қыркүйекке дейін зауыттан 200-ден аса автобус шығарылды. Ал өндіріс шамасы жылына 1 200 автобус құрастыруға жетеді. Зауыт 2022 жылдың басынан толық қуатпен жұмыс істеуге кіріспек.

Құрастырылып жатқан автобустардың ұзындығы 5 метрден 12 метрге дейін. Мектеп оқушыларын тасымалдайтыны да, қаладағы жолаушыларды тасымалдайтыны да бар. Мұнда автобустың 10 түрі құрастырылады. Алғашқы автобустар Солтүстік Қазақстан және Қарағанды облыстарына берілді. Жақында жаңа автобустар Көкшетау мен Алматыға да жеткізілмек. Қазақстан бойынша 16 мың автобустың тозығы жеткен. Солар біртіндеп отандық автобуспен жаңаланатын болса керек. 

Зауыт басшыларының сөзіне қарағанда, автобустың бөлшектері Қытайдан жеткізіледі. Ал Қарағандыда құрастырылады. Мамандар оны экологиялық таза әрі шығыны аз көлік деп мақтап жатыр. Автобустың электр қуатымен, газбен және дизель отынымен жүретін түрлері жасалады.

Қалай дегенде де өнімімізді алатын нарықтың табыла кеткені жақсылықтың нышаны болар. Шыны керек, 1 000 автобус сату қандай мемлекетке болмасын оңай шаруа емес.

Нағашыбек Алдан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу