Дүбірлі додаға әлемнің 100-ге жуық елінен 3 мыңнан астам спортшы қатысады деген жоспар бар, деп жазады inbusiness.kz сайты "24.KZ" телеарнасына сілтеме жасап.
Қазір қырғыз жерінде бағы мен бабын сынайтын отандастарымыздың сайысқа дайындығы қызу. 1,5 айдан кейін Қырғызстан төрінде VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жалауы желбірейді.
Жарыс 43 спорт түрінен өтеді. Отандастарымыз соның барлығына қатысып, өнер көрсетуді жорспарлап отыр. Сәйкесінше қазірден ұлттық құрама жасақталып, бірнеше кезеңнен тұратын оқу-жаттығу жиындары басталып кетті.
– Оқу-жаттығу жиындарының көбісі таулы жерде өткізіліп жатыр. Өйткені Қырғызстанның жергілікті жағдайына бейімделуге оңай болсын деп. Аударыспақ спортынан 6 салмақ дәрежесінде спортшылар іріктеліп алынды.
Теңге ілу спортынан көшпенділер ойындарының ережесіне сәйкес 1 спортшы іріктеліп алынды. Ат та іріктеліп алынды. Дайындығын тамызда бастап, соңғы дайындықпен Қырғызстанға аттанады, – деді ұлттық ат спорты түрлерінен мемлекеттік жаттықтырушы Нұркен Байбөриев.
Көкпаршылар дайындықтың екінші кезеңін өткізіп жатыр. Алғашында Алматы іргесіндегі олимпиадалық орталыққа жиналып, өзге спортшылармен бірге арнайы маманның көмегімен 20 шақты күн жаттықты. Қазір ат үстіндегі негізгі дайындықтарын пысықтауда. Яғни көкпар мен көкбөріден көшпенділер ойындарына дейін бас-аяғы 4 жаттығу жиыны жоспарланған.
Айта кетейік, VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Қырғызстанда 31 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында өтеді. Ашылу салтанаты елдің Тәуелсіздік күніне орай 31 тамызда Бішкектегі "Бішкек Арена" стадионында ұйымдастырылады.
Ал негізгі спорттық және мәдени іс-шаралар Ыстықкөл облысында өтеді.