Қырғызстан мен Армениядан әкелінген автокөліктерді қашықтан есептен шығару мүмкін емес

Бұл туралы аталған елдердің ресми органдары хабарлаған.  

Қырғызстан мен Армениядан әкелінген автокөліктерді қашықтан есептен шығару мүмкін емес Фото: колеса

ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының міндетін атқарушы Қайсар Сұлтанбаев шетелдік автокөліктерді заңдастыру бойынша бірқатар сұрақтарға жауап берді.

Солардың бірі көлікті шетелден тіркеуден шығаруға қатысты.

"Басқа елдегі соңғы тіркеу орны бойынша шетелдік автокөлікті есептен шығару – бұл қажетті шара, өйткені соңғы есепке алу орны бойынша автомобильдерге оны иеліктен шығаруға тыйым салынуы және шектеулер қойылуы мүмкін. Бұл ретте әрбір мемлекетте автомобильдерді есептен шығару тәртібі өздерінің ұлттық заңнамасымен реттелген. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен ІІМ Ресей Федерациясының, Қырғызстанның және Арменияның құзыретті органдарына біздің азаматтардың тіркеу еліне баруын және көлік құралын ұсынуды қажет етпестен Қазақстан ІІМ-нің сұрауы бойынша автомобильдерді есептен шығару мүмкіндігін қарастыру туралы тиісті хаттар жолдады. Алайда Қырғызстан мен Арменияның ресми органдары автокөліктерді қашықтықтан есептен шығару мүмкін еместігі туралы жауап берді. Біз бұл талаптарды бұза алмаймыз", – деді спикер.

Еске сала кетсек, Мемлекет басшысының шетелдік автокөліктерді бір реттік заңдастыру туралы тапсырмасына сәйкес заңнамаға өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, aвтокөліктерді бастапқы тіркегені үшін төлем 200 мың теңге мөлшерінде белгіленді және кәдеге жарату төлемі алынып тасталды. Бұдан басқа, 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін ел аумағына әкелінген көлік құралдарының жекелеген санаттарын бастапқы тіркегені үшін төлем мөлшерін қолданудың және осындай көлік құралдарын әкелуді жүзеге асырған жеке тұлғаларды өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелерінен босатудың қағидалары, шарттары мен мерзімдері бекітілді. Ережелер ағымдағы жылдың 23 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілді және осы күннен бастап біз шетелдік автокөліктерді заңдастыруға кірістік.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу