Қырғызстан президенті Садыр Жапаров қолданыстағы мемлекет басшысының өкілеттік мерзіміне және кезекті немесе мерзімінен бұрын сайлау өткізу тәртібіне қатысты Конституция нормаларын ресми түрде түсіндіруді сұрап, Конституциялық сотқа жүгінді. Бұл туралы Қырғыз Республикасы Конституциялық соттың баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Мұндай өтінішке заңгерлер мен сарапшылар арасындағы пікір қайшылығы себеп болып отыр. 2021 жылы Конституцияның жаңа редакциясы қабылданғаннан кейін, 2010 жылғы Конституция бойынша сайланған президенттің өкілеттік мерзімі қай кезден бастап есептелуі тиіс және келесі сайлау қашан өтуі керек деген мәселеде ортақ байлам жоқ.
Құжатта бұл белгісіздік маңызды мәселелерге әсер ететіні атап өтілген. Атап айтқанда, сайлау мерзімдері, азаматтардың сайлау құқықтары және билік шешімдерінің заңдылығы күмән тудыруы мүмкін. Егер нақты түсіндірме берілмесе, бұл саяси дау-дамайға және мемлекеттік органдарға деген сенімнің төмендеуіне әкелуі ықтимал.
Осыған байланысты президент Конституцияның 2021 жылғы редакциясындағы 67, 68 және 72-баптарды 2010 жылғы Конституция нормалары мен "Қырғыз Республикасының Конституциясы туралы" заңды ескере отырып түсіндіруді, сондай-ақ сайлау өткізу тәртібі мен мерзімдерін нақты айқындауды сұрады.