Қырғызстанда дін мәселелерін қозғайтын блогерлер заң талаптарын сақтауға міндетті. Енді ғаламторда діни ақпарат тарататын әрбір азамат арнайы куәлік алуы тиіс. Бұл туралы "Биринчи радио" эфирінде Дін және ұлтаралық қатынастар жөніндегі ұлттық агенттіктің бас маманы Нұрғазы Қырғызбаев айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты жергілікті басылымға сілтеме жасап.
Нұрғазы Қырғызбаевтың сөзінше, заңға "діни уағызшы" деген жаңа термин енгізілген. Осылайша әлеуметтік желілерде дін тақырыбында жазатын блогерлер немесе өзге пайдаланушылар Қырғызстан мұсылмандары діни басқармасына өтініш беріп, діни білімін растауы тиіс, сондай-ақ блогты қай бағытта жүргізетінін хабарлауы қажет.
Осыдан кейін бұл бағытта жазатын авторлар Дін істері жөніндегі мемлекеттік агенттікке жүгініп, куәлік алуы тиіс. Мұндай құжат бір жыл мерзімге беріледі. Кейін оны ұзартуға болады.
Егер блогер көрсетілген мерзімде қате ақпарат таратса немесе заңды бұзса, оның куәлігінің күші жойылып, жаңа құжат берілмейді.
"Мұны подкаст жүргізіп, пост пен пікір жазатын, өзінің діни саладағы қызметі немесе уағыз айтқысы келетін барлық блогерлер мен дін өкілдері білуі тиіс", – деп түсіндірді Нұрғазы Қырғызбаев.