Қырғызстанның Қазақстанның үстінен ДСҰ-ға наразылығы негізсіз

845

Қазақстандық тарап, егер қырғыз тарапы сот ісін бастаса, ДСҰ алаңындағы сот процесі аясында өзінің мүдделері мен құқықтық шараларын қорғауға дайын.  

Қырғызстанның Қазақстанның үстінен ДСҰ-ға наразылығы негізсіз

Женева қаласындағы Дүниежүзілік сауда ұйымы Бас кеңесінің отырысында Қырғыз Республикасының өтініші бойынша қазақстан-қырғыз шекарасындағы жағдай талқыланды, деп хабарлайды ҚР Сауда және интеграция министрлігі.

Қырғыз Республикасының өкілдері Қазақстан Республикасының ДСҰ келісімдерінің кейбір ережелерін бұзғандығы туралы наразылықтарын білдірген. Олардың атап өтуінше, бұл Қырғызстанның экономикалық көрсеткіштерінің нашарлауына алып келген.

Ал Қазақстанның БҰҰ жанындағы және басқа да халықаралық ұйымдардың Женевадағы тұрақты өкілі Жанар Айтжанова Қырғызстанның шағымын негізсіз деп атады.

Ол Қырғыз тарапына Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа сәйкес, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің аумақтары арасында кедендік декларациялау мен мемлекеттік бақылауды, соның ішінде кедендік, көліктік, ветеринарлық және санитарлық бақылауды қолданбастан тауарларды еркін өткізу жүзеге асырылатынын еске салды.

Демек, Қырғыз Республикасынан Қазақстанға келетін, оның ішінде Қазақстан аумағы арқылы транзитпен өтетін барлық тауарлар кедендік бақылау талаптарынан босатылған. Осыған байланысты Қырғыз Республикасы көтерген мәселелер тек қана ЕАЭО заңнамасының құқық қолдану практикасымен байланысты және осы ұйымның алаңында талқылануы тиіс.

Елші Айтжанова сондай-ақ Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше мемлекеттердің назарын кедендік әкімшілендірудің әлсіздігіне байланысты Қырғызстандағы жүйелік проблемаларға, бұл өз кезегінде ЕАЭО мүше мемлекеттеріне жалпы бюджетінде кедендік баж түсімдерінің толық алынбауына аударды.

"2019 жылдың өзінде Қырғызстаннан Қазақстан Республикасының жалған резиденттеріне тауар әкелудің 2,6 мыңнан астам оқиғасы анықталды. Сондай-ақ, Ресей Федерациясының аумағына қырғыз тауарларын "жалған транзитті" жүзеге асырудың 4,8 мыңнан астам оқиғасы анықталды. Олар факті бойынша ұлттық бюджетке жанама салықтарды (ҚҚС) төлемей Қазақстан нарығында сатылды", –  деп атап өтті Елші.

Қазақстан қабылдаған шаралар салықтық әкімшілендіруді және ел бюджетіне ҚҚС түсімдерінің толықтығын қамтамасыз етуге бағытталған. Сонымен қатар, бұл шаралар ішкі жүк тасымалдаушыларға, ЕАЭО мүше мемлекеттерінің және үшінші елдердің жүк тасымалдаушыларына бір қатарлы қолданылады.

Қорытындылай келе, Қазақстан елшісі Қырғыз Республикасын ДСҰ мен ЕАЭО-ға кіру кезінде алған міндеттемелерін толық орындауға, сондай-ақ өз серіктестерінің ұлттық заңнамаларын сақтауға шақырды.
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу