Бағалау тапсырмалары баланың білімін тексерумен ғана шектелмейді. Олар білімді қолдануға, оқу жетістігін арттыруға және қажетті дағдыларды дамытуға бағытталады. Бұл жайлы Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шынар Ақпарова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Тілдік пәндер бойынша тыңдалым, айтылым, оқылым және жазылым дағдылары бағаланады. Тыңдалым мен айтылым аралық бағалау жоспарланған аптада, сабақ барысында бағаланады.
"Аралық бағалау оқушының меңгерген білімін оны қолдану дағдылары мен сабақтастықта бағалауға мүмкіндік береді. Жазбаша жұмыстарды орындау тәртібі де нақтыланады. Тілдік пәндер мен математика бойынша жазбаша жұмыстар дайын шаблондарда немесе алдын ала әзірленген жауап парақтарында орындалмайды. Барлық жазбаша жұмыс оқушының дәптерінде орындалады. Бұл баланың өз бетінше жазуына, есепті шешу жолын және жұмыс ретін көрсетуіне мүмкіндік береді. Сондай-ақ педагогке әр бағалау жұмысы үшін жеке жауап парақтарын немесе бланкілерді әзірлеу қажеттілігі азаяды. Дәптерде орындалған жұмыс мұғалімге тек соңғы жауапты емес, оқуышының тапсырманы қалай орындағанын, қай жерде қиналғанын, қай дағдыны әрі қарай дамыту қажетттігін көруге мүмкіндік береді", – деді Шынар Ақпарова.
Аралық бағалаудың ең жоғары балы: 2-сыныпта – 12 балға дейін; 3-сыныпта – 14 балға дейін; 4-сыныпта – 16 балға дейін. Нақты ең жоғары балл тапсырмалардың санына, мазмұнына және күрделілік деңгейіне қарай анықталады. Аралық бағалау тапсырмаларын педагог оқу мақсаттарына сәйкес өзі әзірлейді.
Жүйеде тағы бір өзгеріс бар. Енді барлық пән бойынша оқу нәтижесі бағаланады. Бұған дейін жеке бағаланбаған "Цифрлық сауаттылық және жасанды интеллект", "Еңбекке баулу", "Бейнелеу өнері", "Музыка" және "Дене шынықтыру" пәндері бойынша күнделікті формативтік бағалау жүргізіледі және аралық бағалау тоқсанына бір рет өткізіледі. Бағалау пәннің ерекшелігіне қарай практикалық, шығармашылық, жобалық, зерттеу, спорттық, жеке және командалық жұмыстар арқылы жүргізіледі. Ал, тоқсандық баға автоматты түрде шығарылады. Оның 50-ы формативтік бағалау нәтижесінен, 50%-ы аралық бағалау нәтижесінен құралады. Осылайша, тоқсандық баға баланың тоқсан бойындағы күнделікті еңбегі мен бөлімдер бойынша көрсеткен нәтижесін тең дәрежеде ескереді.
"2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап 2-4-сынып оқушылары жаңа тәсілмен бағаланады. Критериалды бағалау жүйесі сақталады. Бірінші сыныпта баға қойылмайды. Бұл тәртіп өзгермейді. Бұған дейін бағалау формативтік және жиынтық бағалау түрінде жүргізілді. Жиынтық бағалау бөлім бойынша жиынтық бағалауды және тоқсандық жиынтық бағалауды қамтыды. Жаңа тәртіп формативтік және аралық бағалауды қамтиды", – деді Оқу-ағарту бірінші вице-министрі.