Қыруар қаржыны дұрыс игермеген "Қазсушар" мекемесі тексеріледі

1023

2,5 млрд теңге экономикалық шығын анықталған.

Қыруар қаржыны дұрыс игермеген "Қазсушар" мекемесі тексеріледі Фото: Inbusiness.kz

Шаруалардың шамына тиіп, аудиттың сынына ұшыраған суға жауапты "Қазсушар" мекемесі ақыры тексерілетін болды. Бұл туралы Су ресурстары және иррегация министрлігі хабарлады. Аудит департаменті тексерісті ақпан айының аяғында бастамақ, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Бұған дейін аудиторлық палата басшылығы су саласындағы бірнеше былықтың бетін ашып, мекеменің миллиардтаған қарызға белшесінен батқанын жайып салған еді. Нақтырақ айтқанда, 3 млрд 300 млн теңге қаржылық бұзушылықтарды, 56 млрд теңгенің тиімсіз жоспарланып, тиімсіз пайдалғанын, сондай-ақ 2,5 млрд теңге экономикалық шығынды анықтаған.

"Аудиттің басты мақсаты  ашықтық, кәсіпорын мен су саласын қаржылық сауықтыру. Жоғары аудиторлық палата мен Парламент депутаттары тарапынан сұрақтар мен ескертулер бар. Сондықтан барлық кемшіліктер мен бұзушылықтарды жою қажет", - дейді Аудит департаментінің директоры Ғалымжан Молдаш.

"Қазсушарға" тықыр таянғанын естіген әсіресе жамбылдық шаруалар тексерісті толық қолдап отыр. Өйткені ағын судың азабын тартқан ағайын тіршілік нәрінің тапшылығына бірден бір себепкер осы мекеме деп айыптаған. Еске салсақ, былтыр дәл осы өңірде бұрын-соңды болмаған құрғашқылық белең алды. Аймақта төтенше жағдай жарияланып, 10 ауданның алтауы сусап қалды. Соның салдарынан бюджетке бақандай 4 млрд теңгеге жуық шығын келген болатын.

"Қазсушарға өткен жылы қыруар ақша бөлінген. Ол жұмыстар істелмеген. Каналдар жөнделмеген. Соның бәрі жұмыстың жүйесіздігі Қазсушардағы. Ол мекемеге үлкен тексеріс жасау керек. Ол жалғаса берсе апат болады болашақта. Мал арасында паразит аурулар тарайды. Ол болып та жатыр. Жер құрғап, тұзға айналып кетеді. Шөп шықпайды, шөп шаба алмаймыз", - дейді шаруа Талғат Наханов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу