Қыста көліктерден жиі өрт шығады: ТЖМ жүргізушілерге оның негізгі себебін айтты

815

Әдетте көліктегі өрт күтпеген жерден басталады.

Қыста көліктерден жиі өрт шығады: ТЖМ жүргізушілерге оның негізгі себебін айтты Фото: autonews.ru

Күн суытқанда жүргізушілер қозғалтқышты жиі жылытады, алайда электр сымдарының ақауы, жанармайдың ағуы немесе жылыту құрылғыларын дұрыс пайдаланбау өртке себеп болуы мүмкін. Төтенше жағдайлар министрлігі өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтауға қатысты ережені жариялады, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Қыста көлік не себепті өртенуі мүмкін?

Суық ауа райында автомобильдің электр және отын жүйелеріне түсетін жүктеме артуы мүмкін. Әсіресе техникалық жағдайы нашар, электр сымдары зақымданған немесе жанармай жүйесінде ақауы бар көліктерге назар аудару қажет.

Өрттің негізгі себептері :

  • Электр сымдарының ақауы: Оқшаулағыш қабаттың зақымдануы немесе қысқа тұйықталу өртке әкелуі мүмкін.
  • Жанармайдың ағуы: Жанғыш сұйықтықтың ыстық бөлшектерге тиюі қауіпті.
  • Қолдан жасалған жылыту құрылғылары: Қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін жабдықтар тұтану қаупін арттырады.
  • Ашық отпен жылыту: Қозғалтқышты немесе автомобильдің басқа бөлшектерін ашық жалынмен қыздыру өте қауіпті.
  • Қозғалтқыш бөлігіндегі жанғыш материалдар: Олардың қызып тұрған бөлшектермен жанасуы өртке себеп болуы ықтимал.

Көлікті қалай қауіпсіз жылытқан жөн?

Қозғалтқышты жылыту кезінде қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау қажет. Ең алдымен автомобильдің техникалық жағдайына және оны жылыту тәсіліне назар аударған жөн.

Жүргізушілерге мына талаптарды орындау қажет:

  • Электр сымдарының, аккумулятордың және жанармай жүйесінің жарамдылығын үнемі тексеру;
  • Қозғалтқышы қосулы тұрған көлікті қараусыз қалдырмау;
  • Автомобильді жылыту үшін ашық отты пайдаланбау;
  • Қолдан жасалған немесе қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін жылыту құрылғыларын қолданбау;
  • Көлікті жабық әрі тиісті желдету жүйесі жоқ гаражда жылытпау;
  • Қозғалтқыш бөлігінде жанғыш материалдардың жиналуына жол бермеу;
  • Автомобильге уақытылы техникалық қызмет көрсету.

Әсіресе жабық гаражда қозғалтқышты қосып қою қауіпті. Мұндай жағдайда өрт қаупімен қатар, пайдаланылған газ құрамындағы көміртек тотығынан улану қаупі де туындайды.

Әр көлікте өрт сөндіргіш болуы керек

Автомобильде жарамды өрт сөндіргіштің болуы – маңызды қауіпсіздік шараларының бірі. Алайда оны көлікте сақтаудың өзі жеткіліксіз, жүргізуші қолдану тәртібін де білуі қажет.

Өрт сөндіргіштің жарамдылық мерзімін, техникалық жағдайын және қолжетімді жерде орналасуын тексеріп отырған жөн.

Егер өрт енді басталып, оны сөндіру адам өміріне қауіп төндірмесе ғана өрт сөндіргішті пайдалануға болады. Ал жалын күшейіп, қою түтін тараса, көліктен қауіпсіз қашықтыққа алыстаған дұрыс. Өрт қауіпсіздігінің қарапайым ережелерін сақтау ауыр зардаптардың алдын алуға мүмкіндік береді. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу