Қытай Айға ғарышкерлерді жеткізу жоспарын ұсынды

316

Жоспарға сәйкес, екі зымыран Жер мен Ай арасындағы өтпелі орбитаға екі ғарыш аппаратын жеке-жеке жеткізеді.

Қытай Айға ғарышкерлерді жеткізу жоспарын ұсынды Фото: Синьхуа

Қытай Айға адам қондыру бағдарламасын "екі зымыран ұшыру, Ай орбитасында түйістіру" тәсілімен жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Қазір осы мақсатқа бағытталған дайындық жұмыстары жоспарға сай жалғасуда. Бұл туралы Қытайдың адам басқаратын ғарыш бағдарламасы бас конструкторының орынбасары әрі Айды зерттеу бағдарламасының бас конструкторы Ван Сян айтты, деп жазады inbusiness.kz сайты Синьхуа басылымына сілтеме жасап.

Ол тиісті жоспарды Бейжіңде өткен адам басқаратын ғарыш саласына арналған VII ғылыми симпозиумда таныстырды.

Жоспарға сәйкес, екі зымыран Жер мен Ай арасындағы өтпелі орбитаға екі ғарыш аппаратын жеке-жеке жеткізеді. Оның бірі – "Ланьюэ" айға қондыру модулі, екіншісі – "Мэнчжоу" басқарылатын ғарыш кемесі. Кейін олар Ай орбитасында бір-біріне жақындап түйіседі. Осыдан соң ғарышкерлер "Мэнчжоу" кемесінен "Ланьюэ" модуліне ауысып, Ай бетіне түседі. Онда ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізеді.

Ван Сянның айтуынша, бұл тәсіл Қытайдың қазіргі техникалық мүмкіндіктері мен қолданыстағы инфрақұрылымына толық сәйкес келеді. Сонымен қатар ғарыш кемесі мен Айға қондыру модулін бөлек әзірлеу ғарыш аппараттарын жасау үдерісін біріздендіріп, болашақта көлік құралдарының тұтас желісін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Оның сөзінше, жоба күрделі міндеттерге толы болғанымен, бүкіл елдің ресурстарын жұмылдыруға мүмкіндік беретін жаңа жүйе оларды еңсеруге жол ашады.

Бас конструктордың мәліметінше, бірыңғай әзірлеу жүйесі аясында негізгі жоспарлар бекітілген. Сондай-ақ техникалық стандарттар мен сапа талаптары белгіленіп, жүйенің барлық құрамдас бөліктерінің үйлесімді жұмыс істеуіне ерекше мән берілген. Осы мақсатта қосалқы жүйелер арасындағы байланыстарды сынау мен тексеруге басымдық берілген.

Қазіргі уақытта негізгі ғарыш аппараттарын, атап айтқанда, "Чанчжэн-10" зымыран-тасығышын, "Мэнчжоу" басқарылатын ғарыш кемесін және "Ланьюэ" айға қондыру модулін әзірлеу жұмыстары жоспарлы түрде жүріп жатыр.

Бірқатар маңызды сынақ та аяқталған. Олардың қатарында "Мэнчжоу" кемесінің ұшу кезіндегі апаттық құтқару жүйесін тексеру, ең жоғары динамикалық қысым жағдайында экипажды эвакуациялау сынақтары, "Ланьюэ" модулінің Ай бетіне қону және қайта ұшу сынақтары, сондай-ақ "Чанчжэн-10" зымыранының төмен биіктіктегі сынақ ұшулары бар.

Ван Сян Айды одан әрі зерттеу барысында алдымен ғылыми білім мен қажетті технологиялық тәжірибе жинақтап, содан кейін ғана оның ресурстарын игеруге көшу керектігін атап өтті. Оның пікірінше, Айды жүйелі әрі кезең-кезеңімен зерттеу үшін ұзақ мерзімді дайындық қажет.

Сондай-ақ ол адамды Айға қондыру және ұшқышсыз ғарыш аппараттары арқылы зерттеу миссияларының негізгі технологиялары, инфрақұрылымы мен мамандар даярлау бағыттарында ортақ тұстары көп екенін айтты. Ал Қытайдың "Чанъэ" айды зерттеу бағдарламасы аясында қол жеткізген нәтижелері болашақта адамды Айға жіберу жобасына берік негіз болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу