Қытай АҚШ-тан Кубаны қыспаққа алуды тоқтатуды талап етті

556

Америка Құрама Штаттары Кубаның экономикалық, сауда және қаржылық блокадасын дереу және толығымен алып тастауы керек. 

Қытай АҚШ-тан Кубаны қыспаққа алуды тоқтатуды талап етті Фото: img4.eadaily.com

Бұл туралы Қытайдың БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілінің орынбасары Дай Бин мәлімдеді, деп хабарлайды Inbusiness.kz "Синьхуа" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасап.

Дипломаттың айтуынша, АҚШ Кубаға, басқа да елдерге қатысты біржақты мәжбүрлеу шараларын енгізуді жалғастыруда, бұл 2030 жылға дейінгі Тұрақты даму күн тәртібін іске асыру жөніндегі халықаралық консенсусты бұзады, барлық елдер халықтарының өмір сүру мен даму құқығына қайшы келеді және бейбіт даму мен өзара тиімді ынтымақтастықтың халықаралық тенденциясына кері әсерін тигізеді.

"Америкалық санкциялар барлық елдердің қалпына келтіру мен даму әрекеттеріне нұқсан келтіреді, сондықтаү оларды дереу жою керек", — деді ол.

Дай Бин БҰҰ Бас Ассамблеясы барлық елдерді БҰҰ Жарғысы мен халықаралық құқық нормаларын сақтауға шақырып, Кубаға қатысты Америка тарапынан экономикалық, сауда және қаржылық блокаданы тоқтату туралы қарарларды қатарынан 29 рет қабылдағанына қарамастан, АҚШ блокаданы жойып қана қоймай, оны қатаңдатқанын атап өтті.

Дипломат коронавирустық пандемия басталғалы бері АҚШ Кубаға қосымша ондаған санкциялар енгізгенін еске салды.

"Бұл БҰҰ Жарғысының мақсаттары мен принциптерін және БҰҰ Бас Ассамблеясының тиісті қарарларына қарсы әрекет, себебі аталмыш санкциялар Куба халқының эпидемиямен күресу және елді қалпына келтіру үшін қажетті дәрі-дәрмектерге, вакциналарға және материалдарға қол жеткізуін айтарлықтай шектеп, Куба халқының кедейлікті жою сияқты тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу жөніндегі күш-жігеріне кедергі келтіреді, сондай-ақ Куба мен БҰҰ-ға мүше басқа мемлекеттер арасындағы қалыпты экономикалық, қаржылық және даму ынтымақтастығына елеулі әсер етеді", - деді Дай Бин.

Ол Қытай бұл мәселе бойынша Куба ұсынған қарар жобасын қолдау үшін қайта дауыс беретінін айтты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу